Оның айтуынша, соңғы бір айда өзін қылмыстық топтардың өкілі деп атаған адамдар оның аты мен мәртебесіне бірнеше рет нұқсан келтіруге тырысқан. Мұндай әрекеттер Президенттің беделіне ғана емес, Моңғолияның халықаралық имиджіне де зиян келтіреді.
«Моңғолия Президентінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу – бүкіл моңғол халқының абыройына, сондай-ақ елдің халықаралық байланыстары мен ынтымақтастығына нұқсан келтіру. Президенттің беделі мемлекеттің халықаралық имиджімен тікелей байланысты», — деді Хурэлсух.
Ол өзіне аса ауыр қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылып жатқанын айтып, мұндай мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Сондай-ақ Президент лауазымына байланысты интернетте жарияланған әрбір ақпаратқа жауап бере алмайтынын, сондықтан өз ұстанымын ресми түрде білдіруді жөн көргенін айтты.
РБК дерегінше, бұл айыптаулар Таван-Толгой — Гашуунсухайт теміржолының құрылысына қатысты құпия тендер кезінде бірқатар саясаткердің жалпы сомасы 110 млн доллар пара алды деген күдікке байланысты.
Ухнаагийн Хурэлсухтің айтуынша, кеше Моңғолия Демократиялық партиясының парламенттік фракциясы отырыс өткізіп, Президентті қызметінен кетіп, шындықтың анықталуына жол ашуға шақырған. Ол бұл талаппен келісетінін мәлімдеді.
«Менің атымды қаралаған адамдарды тиісті органдарға тапсырып, өз беделімді қалпына келтіруге күш саламын», — деді ол.
Бұған қоса Ухнаагийн Хурэлсух мемлекет басшысы қызметін атқарған кезеңде мемлекеттік саясатта қателікке жол бермегенін, ешқашан өтірік айтпағанын, мемлекет қаржысын жымқырмағанын және халықты алдамағанын атап өтті.
Оның айтуынша, ол әрдайым антына адал болып, ел игілігі үшін еңбек еткен. Бұған дәлел ретінде «Эрдэнэт», «Монголросцветмет» кәсіпорындарын, Багануур және Бор-Өндөр шахталарын, Салхит, Хармагтай және Ноён уул кен орындарын мемлекет меншігіне қайтарғанын атады. Осылайша, Ұлттық байлық қорын құруға негіз қаланған.
