Көлікті лизингке алу тиімді ме? Вице-министр нақты жауаптан жалтарды
Фото: видеодан скрин
Қазақстанда автокөлікті лизингке алу қаншалықты тиімді екені туралы сұраққа Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков нақты жауап бере алмады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Үкіметтегі баспасөз мәслихатында журналист одан көлікті бірден сатып алған тиімді ме, әлде лизингке рәсімдеген дұрыс па деп сұрады. Алайда вице-министр екі тәсілдің қайсысы халыққа пайдалы екенін түсіндірудің орнына, таңдауды азаматтардың өзіне қалдырды. Оның айтуынша, Үкімет халықтың көлік сатып алуына қолайлы жағдай жасап, қажетті қаржы тетіктерін қарастырған. Бірақ лизингтің қандай артықшылығы барын, оның қарапайым несиеге қарағанда қаншалықты тиімді екенін ашып айтпады. Журналист нақты пікірін сұрап, мәселені қайта көтергенімен, вице-министр әр азамат өзіне ыңғайлы төлем тәсілін таңдауы керектігін қайталады. Баспасөз мәслихатында тұрғын үй мәселесі де қозғалып, «Ұмай» ипотекасына сұраныстың жоғары болуы жеңілдетілген бағдарламалардың жеткіліксіздігін көрсетпей ме деген сұрақ қойылды. Сапарбеков мұндай қаржы құралдарына сұраныс бар екенін айтып, қосымша қаражат бөлінсе, қолданыстағы тетіктерді кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Алайда жаңа ипотекалық бағдарламалардың қашан іске қосылатыны туралы нақты мерзім атамады. Осылайша, вице-министр көлік лизингінің тиімділігі мен қолжетімді ипотекаға қатысты екі маңызды сұраққа да халық күткен нақты жауапты берген жоқ.
