Ақтөбе облысы тұрғындары мемлекеттік әлеуметтік бастамаларды қолдайды
Ақтөбе облысының тұрғындары әлеуметтік саладағы мемлекеттік бастамаларды қолдап, отбасылық құндылықтар мен ауылдық жерлердегі оң өзгерістерді атап өтті.
Сурет: Screenshot
Мемлекет дамуының басты көрсеткіші — халықтың өмір сүру сапасы, отбасылардың әл-ауқаты, балалардың сапалы білімге қолжетімділігі және әр азаматтың өз болашағына сенімділігі. Соңғы жеті жылда Қазақстанда әлеуметтік саланы дамытуға және азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ақтөбе облысының тұрғындары да бұл өзгерістерді күнделікті өмірде сезінеді. Өңір отбасыларының жетістіктері, педагогтардың кәсіби дамуы және ауылдық жерлердегі оң өзгерістер — ел дамуының айқын көрінісі.
Мәселен, Байғанин ауданының Есқазиевтер отбасы «Мерейлі отбасы» республикалық ұлттық байқауының лауреаты атанды. Олар өз жетістіктерін отбасындағы өзара құрмет, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, адал еңбек және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге жауапкершілікпен қараудың нәтижесі деп санайды.
«Отбасы — қоғамның негізі. Ұлттық құндылықтарды сақтау, балаларды тәрбиелеу және үлкенді сыйлау әр шаңырақтың басты қағидасы болуы керек. Мемлекеттің отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қолдауға ерекше көңіл бөліп жатқаны қуантады. Осындай бастамалар үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіреміз», — деді отбасы басшысы Нұрбаулы Есқазин.
Білім саласының өкілдері де соңғы жылдары жүзеге асырылған қолдау шараларына жоғары баға береді. Мейрамгүл Нұрбаева білім жүйесін дамыту үшін жасалған жағдайлардың маңыздылығын атап өтті.
«Педагог мәртебесін арттыру, мұғалімдердің жалақысын көтеру және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау — білім саласына үлкен қолдау. Бүгінде педагогтардың еңбегі лайықты бағаланып, дарынды оқушыларды қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. Білім жүйесіне заманауи технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу де жаңа перспективалар ашады. Мұның бәрі сапалы білім беруге және саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған», — дейді Мейрамгүл Нұрбаева.
Ол сондай-ақ педагогикалық мамандықтың қоғамдық беделін арттыру мен жас мамандарды қолдаудың болашақ ұрпақты қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Өңірдегі инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік нысандар санының артуын аға буын өкілдері де оң бағалайды. Теміржол саласының ардагері Жеткерген Өтегенов соңғы жылдары Шалқар ауданында жүргізілген жұмыстар елді мекендерді дамытуға елеулі үлес қосқанын айтады.
Шалқар қаласында балаларға арналған оңалту орталығы, заманауи спорт кешендері және жүзу бассейні ашылды. Ауылдық елді мекендерде спорт нысандары пайдалануға беріліп, газдандыру және медициналық пункттер салу жұмыстары жүргізілуде. Ақтөбе – Шалқар автожолын жөндеу және Шалқар – Бозой бағытындағы жолды жаңарту да жергілікті тұрғындарды ұзақ уақыт толғандырған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
«Біз, аға буын өкілдері, осындай өзгерістерді қуана бақылап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдарға газ тартылып, жаңа әлеуметтік нысандар ашылып, жолдар жөнделуде. Мұның бәрі адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Жылдар бойы көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын көріп отырмыз. Халық игілігі үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін алғыс білдіреміз», — деді Жеткерген Өтегенов.
Жекелеген отбасылардың жетістіктері мен өңірдегі оң өзгерістер ел дамуының жалпы нәтижелерін көрсетеді. Отбасылық құндылықтарды сақтау, білімді ұрпақ тәрбиелеу, еңбек адамдарын қолдау және ауылдық аумақтардың өркендеуіне жағдай жасау — болашаққа бағытталған маңызды міндеттер.
Ақтөбе облысының тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді әлеуметтік-экономикалық дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларын қолдайды және жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін алғыс білдіреді.
