Қазақстандық шахматшылар 13 жылдан кейін әлем чемпионатында алтын мен қола алды
Қазақстандық шахматшылар Мұртас Қажығалиев пен Петр Костенко Сербияда өткен сеньорлар арасындағы әлем чемпионатында алтын және қола медаль жеңіп алды.
Фото: Казахстанская федерация шахмат
Сербияда өткен сеньорлар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан шахматшылары Мұртас Қажығалиев пен Петр Костенко екі медаль жеңіп алды. Қажығалиев әлем чемпионы атанса, Костенко 50+ жас санатында қола медальға қол жеткізді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қазақстандық спортшылар үшін шешуші кезең соңғы, 11-тур болды. Медаль үшін күреске Қазақстанның бес өкілі қатысты: Павел Коцур, Мұртас Қажығалиев, Петр Костенко, Серікбай Темірбаев және Ирина Буланова.
50+ санатында Қажығалиев өзінің отандасы Павел Коцурмен кездесті. Соңғы партия алдында екі шахматшының да 7,5 ұпайы болды. Жеңіс Қажығалиевке 8,5 ұпай жинауға, жақын қуушылардан жарты ұпайға озып, әлем чемпионы атағын жалғыз өзі иеленуге мүмкіндік берді.
Параллель кездесуде Петр Костенко Норвегия өкілі Максим Барт Стэнфордты жеңіп, турнирді сегіз ұпаймен аяқтады. Дәл осындай нәтижені болгар шахматшысы Кирилл Георгиев те көрсетті, алайда қосымша көрсеткіштер бойынша ол екінші орынды иеленіп, қазақстандыққа қола медальды қалдырды. Павел Коцур жарыс қорытындысы бойынша жетінші орынға тұрақтады.
Қазақстандық шахматшылардың сеньорлар арасындағы әлем чемпионаттарындағы бұған дейінгі табысы 2013 жылы тіркелген. Сол кезде Павлодар өкілі Елена Анкудинова алтын медаль жеңіп алған. Содан бері қазақстандық спортшылар осы жас санатындағы жеке әлем біріншілігінің пьедесталына көтерілген жоқ. Медальға жақын болған қазақстандық Ирина Буланова 65 жастан асқан әйелдер арасында өнер көрсетті. Ол 7,5 ұпай жинады, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша Сербия мен Польша қарсыластарына жол беріп, төртінші орынды иеленді. Ерлер арасындағы 65+ санатында Серікбай Темірбаев сегіз ұпай жинап, чемпионатты жетінші позицияда аяқтады, жүлдегерлерден небәрі жарты ұпайға қалып қойды.
Сеньорлар арасындағы әлем чемпионаты 3-14 қараша аралығында Сербияның Врнячка-Баня қаласында өтті. Жарысқа 384 шахматшы қатысты. Турнир классикалық уақыт бақылауымен швейцариялық жүйе бойынша 11 турдан тұрды.
Бұған дейін Бибісара Асаубаева әлемнің үздік төрт шахматшысының қатарына енгені хабарланған. Ол Будапештте өткен Total Chess World Championship Tour Pilot турниріндегі сәтті өнер көрсетуінің арқасында әлемдік әйелдер live-рейтингінде төртінші орынға көтерілді.
