Ташкентте Қазақстан киносының күндері өтті
Ташкентте Қазақстан киносының күндері өтті: отандық фильмдер көрсетіліп, бірлескен киноөндіріс перспективалары талқыланды.
Сурет: inbusiness.kz
Өзбекстанның Ұлттық кино өнері сарайында Қазақстан киносының күндері өтті. Іс-шара барысында көрермендерге отандық белгілі фильмдердің іріктемесі ұсынылып, бірлескен киноөндіріс перспективалары талқыланды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Көрсетілім бағдарламасына «Қайтадан», «Ерекше», «Менің үлкен қазақ отбасым», «Жабайы», «Алтын адам» және «Әміре» фильмдері енді. Адам рухының күші туралы әңгімелейтін «Ерекше» спорттық драмасының сеансы ерекше ықылас тудырды — оған Өзбекстан бочча құрамасының өкілдері мен Ташкент спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.
«Мәдени іс-шараға Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің дипломаттары, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясының, Kinopark Theatres, Tiger Films және Dala Edge компанияларының делегациялары қатысты. Іскерлік бөлім барысында екі елдің кинематографистері ұлттық кинематографияны дамыту тәжірибесімен алмасып, бірлескен жобалар жасау жоспарларын белгіледі. Іс-шара шығармашылық байланыстарды нығайту және қазақстандық фильмдерді шетелдік нарыққа жылжыту үшін маңызды алаңға айналды», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
