Ақтөбеде Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшысы мен оның орынбасары сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінді. Олардың бірі пара алды, екіншісі пара берді деген күдікпен тергеліп жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Басылым мәліметінше, ұсталғандардың бірі – әскери институттың бастығы, авиация генерал-майоры Тимур Еспағанбетов. Оны Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері ұстаған. Генерал-майор Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі бойынша, яғни айтарлықтай мөлшерде пара алды деген күдікке ілінген. Ол Ақтөбе қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланды.
Екінші күдікті – әскери институт бастығының орынбасары, авиация полковнигі Расул Исахожаев. Оған Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігі бойынша айтарлықтай мөлшерде пара берді деген күдік келтірілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, тергеліп жатқан іс коммерциялық компания өкілдерімен байланысты болуы мүмкін. Алайда параның нақты сомасы, оның қандай жағдайда берілгені және күдіктілердің іс-әрекеттері туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты Ақтөбе қаласында орналасқан. Оқу орны Қазақстан Қарулы күштері мен басқа да күштік құрылымдарға авиация мамандарын даярлайды.
