Көкшетауда 4 жасар бала құрылыс алаңындағы ашық құдықтан қаза тапты
Көкшетауда 4 жасар Аланның денесі құрылыс алаңындағы ашық септик құдықтан табылды. Оқиға 8 қазанда болған, қылмыстық іс қозғалды.
Сурет: Видеодан кадр
Көкшетауда жоғалып кеткен төрт жасар Аланның денесі құрылыс алаңындағы суға толы ашық құдықтан табылды. Баланы іздеуге полицейлер, құтқарушылар мен еріктілер жұмылдырылған.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қайғылы оқиға 8 қазанда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Алан сол күні анасымен бірге жұмыс орнында болған. Әйел баласын қалдыратын адам болмағандықтан, оны өзімен бірге алып келген. Ол өндіріс орнына тазалықшы болып орналасқан, бұл оның алғашқы жұмыс күні еді.
Шамамен сағат 17:00-де бала із-түзсіз жоғалып кеткен. Анасы ғимараттың ішін түгел қарап шыққаннан кейін көмек сұраған. Көп ұзамай іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен еріктілер қосылды.
Бейнебақылау камералары баланың ғимараттан шығып, көршілес құрылыс алаңына қарай кеткенін көрсеткен. Еріктілер сол аумақты бірнеше рет тексергенімен, қараңғыда бетон үстіндегі су жиналған жерді жай ғана шалшық деп қабылдаған. Алайда оның астында ашық септик құдығы болған.
Ақыры баланың денесі сол құдықтан табылды. Құқық қорғау органдарының алдын ала мәліметінше, зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Ақмола облысының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Белгілі болғандай, Аланның анасы баланы жалғыз тәрбиелеген. Еріктілердің айтуынша, олар бұл отбасын жақсы таныған және бұған дейін анасына материалдық көмек көрсетіп келген.
Қайғылы жағдайдан кейін баланы жерлеуге қаражат жинау басталған. Қала тұрғындары қажетті соманы бірнеше сағаттың ішінде жинап берген.
