Алматының Түрксіб ауданындағы «Жұлдыз» шағынауданында аулалар жаңартылды
Алматының Түрксіб ауданына қарасты «Жұлдыз-1» шағынауданындағы №18 және №18А үйлердің ауласында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпараттық агенттігі.
Мұнда тұрғындардың демалуына және бос уақытын белсенді өткізуіне қолайлы жағдай жасалды. Аулалардағы асфальт жабыны толық жаңартылып, жаңа шағын сәулет нысандары, жаттығу құрылғылары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Спортпен шұғылдану және белсенді демалыс үшін тартан жабындысы төселген алаң жабдықталып, сыртқы жарықтандыру жүйесі жаңартылды.
Жаңбыр жауғаннан және қар ерігеннен кейін судың жиналуын болдырмау мақсатында су бұру жүйесі орнатылды.
Биыл Түрксіб ауданындағы аулаларды күрделі жөндеу жұмыстары «Жұлдыз» шағынауданында жүргізілуде. Жөндеу он көппәтерлі тұрғын үйдің жанындағы төрт аула аумағын қамтиды.
Сонымен қатар ауданда 16 ауланы ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Тұрғындарға көркейту бойынша жобаларын ұсынуға мүмкіндік беретін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыру да жалғасып жатыр.
2026 жылы аталған бағдарлама аясында 24 жоба қолға алынды. Оның ішінде 11 сквер мен жүргіншілер аймағы, сегіз балалар және спорт алаңы, төрт автоматты суару жүйесі және бір автотұрақ бар.
Фото: Алматы әкімдігі
