Қарттарға орын жоқ: депутат көпқабатты үйлерге жаңа талап енгізуді ұсынды
Фото: Видео скриншот
Құрылтай депутаты Арман Ақылбай көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде қарттарға арналған арнайы қоғамдық кеңістік қарастыруды ұсынды.
Бұл туралы ол Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Құрылтай депутатының сөзінше, қазір тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде балалар және спорт алаңдары қарастырылғанымен, егде жастағы тұрғындарға арналған арнайы орындар міндетті талапқа кірмейді.
Сондықтан ол қарттардың демалуына, бір-бірімен араласуына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына арналған кеңістік бөлуді ұсынды. Ұсыныс бойынша мұндай орынның көлемі әр пәтерге шаққанда 0,18 шаршы метрден есептелуі керек.
Сонымен қатар бұл аумақты коммерциялық мақсатқа беруге, сатуға немесе кейін басқа нысанға айналдыруға жол бермеу ұсынылып отыр. Арман Ақылбай қарттарға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік қызметтерді де бір жүйеге біріктіру қажет екенін айтты. Ол үшін цифрлық отбасы картасының мүмкіндігін пайдаланып, әр адамның қандай көмекке мұқтаж екенін анықтау және өңірлерге қажетті маман, қызмет пен бюджет көлемін алдын ала жоспарлау ұсынылды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясы бұл ұсыныстарды Үкіметке жазбаша түрде жолдайтынын мәлімдеді.
