Ерлан Қарин Джеки Чанмен киножобаларды талқылады
Ерлан Қарин халықаралық киножоба түсірілім тобымен кездесіп, Джеки Чанмен бірлескен жобалар мен AI-кино фестивалін талқылады.
Фото: Aqorda
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ерлан Қарин халықаралық киножобаның түсірілім тобымен кездесу өткізді. Делегация құрамында әлемге әйгілі режиссер әрі актер Джеки Чан, сондай-ақ шетелдік және отандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов болды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Кездесу барысында кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа технологияларды, креативті индустрияны дамытуға және азаматтардың шығармашылық әлеуетін іске асыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ірі жобаларды Қазақстанда жүзеге асыру отандық киноиндустрияның кәсіби өсуіне және елімізді халықаралық киноөндірістің келешегі зор алаңы ретінде ілгерілетуге ықпал етеді.
Сондай-ақ кездесуде кино саласында заманауи технологияларды қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп жатқан Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елордада Astana AI Film Festival фестивалі ұйымдастырылғанын жеткізді. Жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер байқауына әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түскен. Фестиваль ауқымы мен географиялық қамтылуы жағынан AI-киноға арналған әлемдегі ең ірі шараға айналды.
Кездесу соңында Ерлан Қарин Джеки Чанға Қазақстанға деген ыстық ықыласы үшін алғыс білдіріп, жобаға қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.
