Негізгі мазмұнға өту
Жұма, 2 қазан 2026 $ 440,3↑€ 498,3↓₽ 5,28↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ

    Қазақстан Азиада-2026-да 64 медальмен тоғызыншы орында

    2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 64 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орында тұр. Дзюдо, джиу-джитсу, су слаломы, теннис және скалолазаниеден жүлделер бар.

    Қазақстан Азиада-2026-да 64 медальмен тоғызыншы орында

    Фото: НОК РК

    2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 64 медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орында тұр. Айчи мен Нагояда (Жапония) өткен жарыстың кезекті бір күнінде қазақстандық спортшылар сегіз медаль — үш күміс және бес қола — жеңіп алды.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, жүлделер дзюдо, джиу-джитсу, су слаломы, теннис және спорттық скалолазание түрлерінен олжаланды.

    Дзюдо күні Қазақстан үшін ең нәтижелі болды: екі спортшы финалға шықты. 70 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде Ажар Асхат шешуші белдесуге жетіп, оның қарсыласы Жапония өкілі Рин Маэда болды. Финал татами қожайынының мерзімінен бұрын жеңісімен аяқталып, қазақстандық спортшы Азиаданың күміс медалін иеленді.

    Ерлер арасында 81 килограмға дейінгі салмақта Адилет Алмат финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде оған жапониялық Сотаро Фудзивара қарсы тұрды. Кездесу жапониялық спортшының пайдасына иппонмен аяқталып, Алмат Ойындардың күміс жүлдегері атанды. Айта кетейік, Адилет жарақатпен өнер көрсеткен, басты белдесуде жарақаты одан әрі асқынып, отандық дзюдошы күресті жалғастыра алмады.

    Джиу-джитсудан Қазақстан құрамасы екі медаль алды. Нұржан Батырбеков 69 килограмға дейінгі салмақта финалға шығып, күміс жүлдегер атанды.

    Әйелдер арасында 48 килограмға дейінгі салмақта Жібек Құлымбетова пьедесталға көтерілді. Үшінші орын үшін белдесуде ол Оңтүстік Корея өкілі Хуивон Чонмен кездесті. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталды, алайда қосымша көрсеткіштер бойынша жеңіс қазақстандық спортшыға берілді.

    Су слаломынан Қазақстанға қола медаль әкелген Екатерина Таранцева. Әйелдер арасындағы байдарка-жекелей финалда ол 112,23 секунд нәтиже көрсетіп, үшінші орын алды.

    Теннистен қола медальді Юлия Путинцева жеңіп алды. Қазақстандық спортшы жекелей разрядтың жартылай финалына жетіп, онда Қытай өкілі Чжан Шуаймен кездесті. Матч қытайлық теннисшінің жеңісімен аяқталды, ал Путинцева қола жүлдегер атанды, өйткені турнирде үшінші орын үшін жеке кездесу өткізілмейді.

    Тағы бір қола награда спорттық скалолазаниеден олжаланды. Дамир Тоқтаров жарысты үшінші орынмен аяқтады. Бұған дейін қазақстандық спортшы іріктеу кезеңінде ұлттық рекордты жаңартқан болатын.

    Қазақстанның еншісінде қазір 64 медаль бар: 9 алтын, 19 күміс және 36 қола. Жалпыкомандалық есепте құрамамыз тоғызыншы орында.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →