Маңғыстауда турист шатқалға құлап кетті
Фото: видеодан скрин
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында ер адам шатқалға құлап, өздігінен сыртқа шыға алмай қалған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Оқиға Ақтау қаласынан шамамен 65 шақырым қашықтағы Тілді сай шатқалында болған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар жетуі қиын аумақта қалған ер адамды арнайы зембілге орналастырып, қауіпсіздік белдіктерімен бекіткен. Жер бедерінің күрделілігіне байланысты зардап шегушіні тар жартас өткелі арқылы алып шығуға тура келген.
Құтқару жұмыстары аяқталған соң ер адам медицина қызметкерлеріне тапсырылып, тексеру мен қажетті медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.
Қазір оның қандай жарақат алғаны туралы нақты ақпарат жоқ.
ТЖМ тұрғындар мен туристерге таулы және жетуі қиын аумақтарға барған кезде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті. Сондай-ақ мамандар маршруттың күрделілігін алдын ала бағалап, қауіпті учаскелерге жақындамауға шақырды.
