Жол апаты 16 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Жетібай ауылынан Шетпе ауылы бағытында келе жатқан Toyota Camry жол үстінде жүрген түйені қағып кеткен. Соққыдан кейін көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып, қарсы келе жатқан екінші Toyota Camry көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан төрт адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы төрт адам түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының мәліметінше, ауруханаға зардап шеккен үш адам жеткізілген. 1986 жылы туған науқасқа бас миының ошақты жарақаты, ал 2004 жылы туған пациентке бірнеше дене жарақаты диагнозы қойылған. Екеуі де жансақтау бөліміне жатқызылып, жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
1996 жылы туған тағы бір зардап шегуші бірнеше дене жарақатымен травматология бөліміне жатқызылған. Оның жағдайы тұрақты, дәрігерлер бақылауында.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі көлік те арнайы тұраққа қойылып, қажетті сараптамалар тағайындалған. Қазір полиция жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар жолға шыққан түйенің иесі іздестіріліп жатыр.
