Заңсыз жұмыстан кетіру, жасырын ақша шығару: Қандай қателіктер компания басшысын сотқа тартуы мүмкін?
Қазақстанда еңбек дауларының саны артып келеді. 2024 жылы соттарға осындай 6 722 іс түскен болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 7 337-ге жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында соттарға 4 355 еңбек дауы бойынша іс түскен, деп жазады Qazaqtoday.info.
Qazaq Expert Club сарапшысы, судья Динара Құйқабаеввның айтуынша, компаниялардың сотқа түсуіне көбіне басшылардың күнделікті басқарушылық шешімдері себеп болады. Алайда олардың құқықтық салдары дер кезінде ескеріле бермейді.
Сарапшы басшылардың қандай қателіктері компанияны сотқа жеткізетінін және өзінің дұрыс екеніне сенімді болу неге сотта жеңіске жетуге кепілдік бермейтінін түсіндірді.
Қызметкерді кез келген жолмен жұмыстан шығару
Сарапшының айтуынша, жиі кездесетін қателіктердің бірі – қызметкерді заңда көзделген негіз бойынша емес, жұмыс берушіге ұнамай қалғаны үшін жұмыстан шығаруға тырысу.
«Мұндай жағдайда формалды себеп іздеу басталады: қызметкердің тәртіп бұзғаны шұғыл түрде тіркеліп, оған тәртіптік жаза қолдану рәсімі басталады. Алайда еңбек дауларында сот жұмыстан шығаруға негіз болған себепті ғана емес, бүкіл рәсімнің қалай жүргізілгенін де бағалайды», – дейді судья.
Сот тәртіп бұзушылықтың уақтылы тіркелгенін, қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етілгенін, тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімдері мен Еңбек кодексінің талаптары сақталғанын тексереді.
Қызметкер еңбек тәртібін бұзған күннің өзінде жұмыс берушінің заңда белгіленген рәсімді сақтамауы жұмыстан шығаруды заңсыз деп тануға жеке негіз болуы мүмкін.
Мұндай даулардың қаншалықты жиі кездесетінін сот статистикасы да көрсетеді. 2024 жылы жұмысқа қайта алу туралы соттарға 1 480 талап-арыз түскен болса, 2025 жылы – 1 746, ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында – 969 талап-арыз түскен. Еңбекақы төлеуге қатысты даулар бұдан да көп: 2024 жылы – 2 428 талап-арыз, 2025 жылы – 2 723, ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында – 1 709 талап-арыз.
«Рәсімдік қателіктер қызметкерді жұмысқа қайта алуға ғана емес, мәжбүрлі жұмыссыз жүрген уақыты үшін жалақы өндіріп алуға да әкелуі мүмкін. Сондықтан жұмыстан шығару туралы шешім эмоцияға емес, заңда белгіленген тәртіпке негізделуі керек», – дейді Динара Қуйкабаева.
Құжаттарды «кейіннен» рәсімдеу
Тағы бір кең таралған қателік – дау туындағаннан кейін қажетті құжаттарды қалпына келтіруге тырысу. Басшылар бұрын жасалмаған актілерді, қосымша келісімдерді немесе қолхаттарды шұғыл түрде рәсімдей бастайды.
«Сот құжаттың мазмұнын ғана емес, оның қандай жағдайда жасалғанын, басқа дәлелдермен байланысын және тараптардың әрекеттерінің реттілігін де бағалайды. Бұдан бөлек, құжаттың қашан жасалғанын анықтауға мүмкіндік беретін сараптама түрлері бар», – деп түсіндіреді Динара Құйқабаева.
Құжатқа кімнің қол қойғаны да маңызды. Мысалы, орындалған жұмыстар актісіне тиісті өкілеттігі жоқ прораб қол қоюы мүмкін. Сондықтан сотта ол адамның нақты құжатқа қол қоюға құқығы болған-болмағаны, сондай-ақ мұндай өкілеттіктің бұйрықпен немесе сенімхатпен берілген-берілмегені тексеріледі.
Ауызша келісімге сену
Тағы бір кең таралған қателік – телефон арқылы сөйлескеннен, мессенджерде хат алмасқаннан немесе ауызша уәде алғаннан кейін бірден ынтымақтастықты бастау.
Нәтижесінде тауар жеткізіліп, жұмыс орындалып, ақша берілгенімен, мерзімдер, төлем тәртібі, тараптардың жауапкершілігі және басқа да маңызды талаптар жазбаша түрде бекітілмей қалады. Ал дау туындаған кезде тараптардың келісімді мүлде әртүрлі түсінгені анықталуы мүмкін.
«Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 153-бабына сәйкес, сотта біз тек жазбаша дәлелдемелерді қабылдаймыз. Сондықтан шарттың болмауы өз міндеттемелерін іс жүзінде орындаған тараптың да өз ұстанымын қорғауын қиындатады», – деп атап өтті сарапшы.
Дау-дамайды әлеуметтік желіге шығару
Бүгінде коммерциялық даулар әлеуметтік желілерде де жалғасып жатады. Өз мүддесін қорғауға немесе контрагентке қысым жасауға тырысқан басшы екінші тарапты алаяқтыққа, сыбайлас жемқорлыққа, клиенттерді алдауға немесе заңсыз қызметке қатысты сот шешімі не басқа да дәлелдері болмай тұрып көпшілік алдында айыптауы мүмкін.
Мұндай жарияланымдар кейін іскерлік беделді қорғау туралы жеке талап-арызға негіз болуы ықтимал.
Динара Құйқабаева бұған мұқият қарауға шақырады:
«Егер адам белгілі бір ақпаратты көпшілікке нақты факт ретінде жеткізсе, оның шынайылығын дәлелдеуге дайын болуы керек. Бағалау пікірі мен құқыққа қайшы әрекет туралы нақты мәлімдеменің арасында заң тұрғысынан айтарлықтай айырмашылық бар».
Талап-арызға дейінгі шағымды елемеу
Кейбір санаттағы істер бойынша дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтау міндетті. Атап айтқанда, бұл еңбек дауларына, сондай-ақ тасымалдау, сақтандыру, шартты бұзу, банктік және микрокредиттік қарыздарға қатысты дауларға қатысты.
Міндетті рәсім сақталмаған жағдайда сот талап-арызды іс жүргізуге қабылдамауы мүмкін.
Талап қоюға дейінгі жұмыс даудың бір бөлігін сот шешімінсіз реттеуге мүмкіндік береді. Мәселен, медиация тәртібімен 2024 жылы 563 іс бойынша, 2025 жылы 622 іс бойынша, ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 300 іс бойынша тараптар татуласқан.
«Заң талаптарына сай сауатты жазылған шағым дауды сотқа жеткізбей шешуге көмектесіп, компанияның уақытын және шығынын үнемдей алады. Ал эмоцияға құрылған хат-хабар, керісінше, бизнестің жағдайын қиындатуы мүмкін. Оның мазмұны іс бойынша негізгі дәлелдердің біріне айналуы ықтимал», – дейді судья.
Сотқа талап-арыз түскеннен кейін ғана заңгерге жүгіну
Көптеген компаниялар заңгердің көмегіне сотқа талап-арыз түскеннен кейін ғана жүгінеді. Мұндай кезде жағдайды түзету мүмкіндігі шектеулі болады.
«Бірнеше күннің ішінде жылдар бойы жинақталған мәселені заңгер де шеше алмайды. Сотта бір ғана факт емес, оқиғалардың бүкіл тізбегі зерттеледі», – дейді сарапшы.
Өкілдердің қызметіне, сараптамаға, мемлекеттік бажға, сот актісін орындауға кететін шығындар, сондай-ақ уақыт пен іскерлік беделге байланысты шығындар уақтылы алынған заңгерлік кеңестің құнынан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.
Сот тәуекелдерін қалай азайтуға болады?
Шарттардың түпнұсқаларын жоғалту, орындалған жұмыстар актілеріне қол қойылмауы, сенімхаттардың болмауы, бастапқы бухгалтерлік құжаттар мен іскерлік хат-хабардың сақталмауы компанияның сотта өз ұстанымын қорғауын қиындатуы мүмкін.
«Сот процесінде өз уәждерін жол берілетін әрі іске қатысы бар дәлелдермен растай алған тараптың позициясы негізді болады. Сондықтан ішкі құжат айналымына бизнесті құқықтық тәуекелдерден қорғаудың маңызды құралдарының бірі ретінде қарау қажет», – дейді Қуйкабаева.
Шартқа қол қоймас бұрын оның талаптарын мұқият зерделеу де маңызды. Әсіресе тараптардың жауапкершілігіне, дауды қарау сотының құзыретіне, орындалған жұмыстарды қабылдау тәртібіне, айыппұл санкцияларына және шартты біржақты бұзу негіздеріне қатысты талаптарға назар аударған жөн.
Сарапшының айтуынша, тәуекелдердің бір бөлігін ынтымақтастық басталмай тұрып-ақ бағалауға болады. «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы заңды немесе жеке тұлғаның сот істерінің тарихын қарап, әлеуетті контрагентті бағалау кезінде осы ақпаратты ескеруге болады.
«Басшы өз шешімдерінің ықтимал құқықтық салдарын неғұрлым ерте бағалай бастаса, іскерлік даудың сот талқылауына ұласу ықтималдығы соғұрлым төмен болады. Сот дауын шешкеннен гөрі оның алдын алу әрдайым тиімді», – деп қорытындылады сарапшы.
Фото: ЖИ
