Құрылтай регламенті қабылданды: заң жобалары үш оқылымда қаралады
Құрылтай депутаттары регламентті қабылдады. Заң жобалары үш оқылымда, халықаралық шарттар екі оқылымда қаралады. Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимыл тәртібі бекітілді.
Фото: quryltai
Құрылтай депутаттары өз регламентін бекітті. Құжатқа сәйкес, заң жобалары енді үш оқылымда қаралатын болады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Бірінші оқылым барысында заң жобасының негізгі ережелері, мақсаттары мен міндеттері талқыланады. Екінші оқылымда бас комитеттің салыстырмалы кестесіне енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылымда құжаттың соңғы редакциясы Қазақстан Конституциясына сәйкестігі және құқықтық олқылықтарды жою тұрғысынан сарапталады.
Ал халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау туралы заң жобалары екі оқылымда қаралады.
Регламентте жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимыл тәртібі де жеке қарастырылған. Оның өкілдері өз өкілеттігіне жататын мәселелер бойынша тыңдауларға, тұрақты комитеттердің және жұмыс топтарының отырыстарына қатыса алады.
Сонымен қатар депутаттық әдеп нормалары мен Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысын ұйымдастыру тәртібі белгіленді.
Құжаттың қорытынды ережелері Құрылтай жұмысын бастаған кезде заң шығару процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Бұған дейін Мәжіліске енгізілген заң жобалары жаңа Регламент талаптарына сәйкес Құрылтайда қарала береді.
Осылайша, екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу кезінде құқықтық сабақтастық сақталып, заң шығару процесін ұйымдасқан түрде жалғастыру көзделіп отыр.
