Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 10 қыркүйек 2026 $ 454,0 528,1 5,29
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    ҚР ОСК төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясымен қорытынды кездесу өткізді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Кітап оқитын ұлт» қоры меморандумға қол қойды «Көшеден тауып алдық»: Таразда ер адам соққыға жығылып, қаза тапты Арыста мас күйде жүкті келіншек пен екі баланы қағып өлтірген мұғалім әйел тоғыз жылға сотталды Минералдық-шикізат қорын дамыту: Қазақмыс Ұлытау облысындағы геологиялық барлау жұмысын жалғастыруда Жезқазғанда өндіріс басшылары қауіпсіздікке қатысты жаңа тәсілдерді талқылады ҚР ОСК төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясымен қорытынды кездесу өткізді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Кітап оқитын ұлт» қоры меморандумға қол қойды «Көшеден тауып алдық»: Таразда ер адам соққыға жығылып, қаза тапты Арыста мас күйде жүкті келіншек пен екі баланы қағып өлтірген мұғалім әйел тоғыз жылға сотталды Минералдық-шикізат қорын дамыту: Қазақмыс Ұлытау облысындағы геологиялық барлау жұмысын жалғастыруда Жезқазғанда өндіріс басшылары қауіпсіздікке қатысты жаңа тәсілдерді талқылады

    ҚР ОСК төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясымен қорытынды кездесу өткізді

    ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясымен қорытынды кездесу өткізіп, сайлау нәтижелері мен ұсынымдарын талқылады.

    ҚР ОСК төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясымен қорытынды кездесу өткізді

    Сурет: Орталық сайлау комиссиясы

    Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Винсент Пикет бастаған ЕҚЫҰ ДИАҚБ Құрылтай депутаттарын сайлауды байқау жөніндегі миссиясының мүшелерімен қорытынды кездесу өтті.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Нұрлан Әбдіров миссия мүшелеріне алғыс білдіріп, шақыртуды қабылдап, қысқа және ұзақ мерзімді байқаушыларды жібергендері үшін ризашылығын жеткізді. Ол сайлау науқаны кезінде комиссия мүшелерімен пікір алмасу мүмкіндігі болғанын атап өтті. ОСК негізгі міндеті – дауыс беру күнін жоғары деңгейде ұйымдастыруды қамтамасыз ету екенін, ал сайлау комиссияларына қойылған басты талап – рәсімдердің барынша ашықтығы мен объективтілігі екенін жеткізді. Сондай-ақ ол миссияның, басқа халықаралық миссиялардың және шет елдердің орталық сайлау органдарындағы әріптестерінің оң бағасына қанағаттанатынын білдірді.

    Миссияның аралық есебі мен сайлаудың алдын ала нәтижелері туралы мәлімдемесін талқылау барысында ОСК төрағасы бірқатар мәселеге тоқталды. Ол Құрылтайдың жаңа саяси институт екенін, сондықтан өткен сайлауды «мерзімінен бұрын өткізілген парламенттік сайлау» деп санауға болмайтынын айтты. Сондай-ақ Қазақстан Президентінің сайлау туралы Жарлыққа қол қоюы ашық конституциялық процестің соңғы құқықтық кезеңі болғанын, бұл процесс дауыс беру күніне бір жылға жуық уақыт қалғанда басталғанын атап өтті. Ол Мемлекет басшысының бір палаталы Парламентке көшу туралы бастамасын 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында ұсынғанын еске салды. Осы сәттен бастап бастаманы іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілген.

    ОСК төрағасы сайлау процесіне қатысушыларды оқыту бойынша атқарылған жұмыстар туралы да айтты. Атап айтқанда, 71 270 сайлау комиссиясының мүшесін қамтыған 7 567 семинар өткізілді. Сонымен қатар саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне арналған арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Барлығы 23 323 адам қатысқан 1 131 іс-шара өткізілді.

    Кездесуде дәстүрлі және заманауи коммуникация арналарын біріктірген ақпараттық-түсіндіру науқанына да назар аударылды. Нұрлан Әбдіров дербес деректерді қорғау, мүгедектігі бар адамдар үшін учаскелердің қолжетімділігі және байқаушылардың жұмысына қажетті жағдай жасау мәселелеріне тоқталды.

    «Орталық сайлау комиссиясы үшін байқау институты – жай ғана формальдылық емес, ашық әрі транспарентті сайлау процесінің аса маңызды элементі. Аккредиттеуге берілген барлық өтініш қанағаттандырылды. Сайлау науқанының бүкіл кезеңінде қоғамдық бірлестікті немесе коммерциялық емес ұйымды аккредиттеуден бас тарту, сондай-ақ бұрын берілген аккредиттеу туралы куәліктерді қайтарып алу жағдайлары болған жоқ. Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде заңнамада белгіленген барлық сайлау рәсімдері сақталды. Байқаушылар тарапынан учаскелік сайлау комиссияларының рәсімдік бұзушылықтары туралы бірде-бір акт жасалмаған. Байқаушылар мен журналистерден де ресми шағымдар мен өтініштер келіп түспеді. Дауыс беру күні сайлау рәсімдерінің сақталуына 51 мыңнан астам ұлттық байқаушы, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың 7 003 сенім білдірген өкілі байқау жүргізді. Сондай-ақ байқауға 42 шет мемлекеттен және 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық байқаушы қатысты», — деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

    Өз кезегінде Винсент Пикет байқаушылардың жұмысына жағдай жасағаны, сондай-ақ ашықтық пен орталық және өңірлік деңгейде байқаушыларға тиісті ақпаратты ұсынуға үнемі дайын болғаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.

    «ЕҚЫҰ ДИАҚБ Миссиясының алдын ала мәлімдемесінде біз Орталық сайлау комиссиясы атқарған жұмыстың тиімді болғанын және жоғары техникалық деңгейде орындалғанын мойындаймыз. Сіздердің өңірлік және жергілікті сайлау учаскелерін, сондай-ақ учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларын дайындау барысында қолданған дәйекті тәсілдеріңізді атап өтеміз. Біз бүкіл ел бойынша сайлау комиссияларының 70 мың қызметкерін каскадты оқытуға, сондай-ақ сайлаушыларды ақпараттандыруға қаншалықты күш жұмсалғанын түсінеміз. Миссияның Қорытынды есебі жарияланғаннан кейін, онда қамтылған ұсынымдар мен қорытындыларды зерделеуге мүмкіндіктеріңіз болады деп үміттенемін», — деп атап өтті Винсент Пикет.

    Сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның алдын ала есебінде сайлау науқаны жалпы алғанда қалыпты, әрі ұйымдасқан түрде өтіп, сайлау күні жақындаған сайын қарқын алғаны атап өтіледі. Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары сайлауға техникалық дайындықты кәсіби түрде жүзеге асырып, заңда белгіленген мерзімдерді сақтады және сайлауға қатысушы партиялардың сеніміне ие болды. Орталық сайлау комиссиясы мүдделі тараптар мен БАҚ өкілдері қатысқан ашық отырыстарды тұрақты түрде өткізді.

    Кездесу соңында Нұрлан Әбдіров Байқаушылар миссиясының Қорытынды есебі маңызды құжат болып табылатынын атап өтті. Онда көрсетілген барлық ұсынымдар мен қорытындылар мұқият зерделеніп, оның ішінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сарапшылық кеңестің отырысында талқыланатын болады.

    Айта кетейік, сайлау науқаны барысында ОСК Төрағасы мен мүшелері ЕҚЫҰ ДИАҚБ Сайлауды байқау миссиясының байқаушыларымен бірқатар мазмұнды әрі жан-жақты кездесулер өткізіп, олар көтерген сұрақтарға толыққанды жауап берді. Сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылары Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің аймақтарға инспекциялық сапарлары аясында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты. Олар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен сұхбаттасты, жергілікті жерлерде сайлауды ұйымдастыру барысымен танысты.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →