Ерлан Қарин фракция жетекшілерімен кездесу өткізді
Мәжілісте Ерлан Қарин саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесіп, Құрылтай жұмысы мен заңнамалық бастамаларды талқылады.
Сурет: aikyn.kz
Мәжілісте саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өтті. Жиынға «Әділет» партиясы фракциясының жетекшісі Ербол Адаев, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Айтуғанов, Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Дания Еспаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов, сондай-ақ Президенттің Құрылтайдағы Өкілдігінің басшысы Мұрат Қайырбек қатысты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жиын барысында Ерлан Қарин Құрылтай құрамының жаңа тұлғалармен толыққанын, оның құрамына өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар мен экономиканың түрлі секторларының, қоғам салаларының өкілдері енгенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде заңнамалық жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындап, басымдыққа ие бірқатар заң жобасын атап өтті. Сондай-ақ Президент жақында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялайтынын мәлімдеді. Көріп отырғандай, күн тәртібі өте тығыз әрі үлкен саяси оқиғаларға толы. Сондай-ақ өткен үгіт-насихат науқаны барысында сайлаушылар тарапынан көтерілген мәселелерді бірлесе зерделеп, талдауға мүдделіміз. Сондықтан мазмұнды әрі тұрақты диалогты одан әрі жалғастыру керек. Біз ортақ мақсаттар мен міндеттерді іске асыру бойынша ашық әрі сындарлы ынтымақтастыққа, бірлескен жұмысқа дайынбыз, – деді Ерлан Қарин.
Фракция жетекшілері Президенттің жекелеген бастамалары мен саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларын заңнамалық тұрғыда іске асыру жөніндегі жоспарларын бөлісіп, алдағы уақытта өзара тиімді ықпалдастық орнатуға сенім білдірді.
