АҚШ-тың RAF лигасы Қазақстанда турнир өткізбек
Америкалық RAF промоушені Қазақстанда турнир өткізуді жоспарлап отыр. Лигада Ризабек Айтмұхан, Асу Алмабаев, Қуат Хамитов және UFC жұлдыздары өнер көрсетеді.
Сурет: Meta-ratings.kz
Америкалық Real American Freestyle (RAF) промоушені Қазақстанда кәсіби турнир өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы лига өкілдері Мәскеуде өтетін жарыс алдындағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

RAF еркін күрес пен шоу элементтерін біріктіретін жаңа форматтағы жарыстар ұйымдастырады. Алдағы уақытта промоушен Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан және Қытай елдерінде де өнер көрсетуді көздейді.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, жобаның басты мақсаты – әлемнің үздік балуандарына ірі аренада бақ сынауға мүмкіндік беру және көрерменге тартымды спорттық шоу ұсыну.

RAF жарыстарына қазақстандық танымал спортшылар да қатысады. Олардың қатарында еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, UFC файтері Асу Алмабаев және аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов бар.

Сонымен қатар, лига турнирлерінде UFC-дің қазіргі және бұрынғы жұлдыздары да белдеседі. Атап айтқанда, Хамзат Чимаев, Тайрон Вудли, Генри Сехудо, Мераб Двалишвили, Колби Ковингтон және Арман Царукян сынды аты әлемге әйгілі спортшылар осы лигада өнер көрсетіп жүр. Сондықтан Қазақстандағы турнирге де халықаралық деңгейдегі жұлдыздардың келуі әбден мүмкін.

Айта кетейік, RAF – еркін күреске негізделген кәсіби промоушен. Ол классикалық еркін күресті шоу элементтерімен ұштастырып, спортты кең аудиторияға таныстыруды мақсат етеді. Қазақстандағы турнирдің нақты күні мен өтетін қаласы әзірге белгісіз.


