Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 2 қыркүйек 2026 $ 461,6 535,6 5,35
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Қазақстанда несие тарихы қанша жыл сақталады және оны кімдер көре алады

    Қазақстанда несие тарихы 5 жыл сақталады. Кімдер көре алады, қалай тексереді, қандай мерзімде есептеледі — толық ақпарат.

    Қазақстанда несие тарихы қанша жыл сақталады және оны кімдер көре алады

    Фото: iStock/Yevgeniy Sambulov

    Әрбір қарыз алушының несие тарихы болады, оның негізінде дербес кредиттік рейтинг қалыптасады. Банктер мен қаржы ұйымдары жаңа несие беру туралы шешім қабылдағанда осы деректерге сүйенеді.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие тарихының сақталу мерзімі мен орны туралы сұрақтарға жауап берді. Агенттік атап өткендей, несие тарихы мен дербес кредиттік рейтинг туралы мәліметтер кредиттік бюроларда жинақталады.

    «Қазақстанда екі кредиттік бюро – «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ (МКБ) және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС (БКБ) жұмыс істейді. Оларда азаматтардың несиелері, берешектері, мерзімі өткен төлемдері және өзге де қаржылық міндеттемелері туралы ақпарат қамтылады», – делінген хабарламада.

    Несие тарихы құпия ақпарат болып саналады. Несие тарихы бойынша есепті азаматтың өзі, сондай-ақ заң бойынша мұндай ақпаратты алуға рұқсаты бар ұйымдар азаматтың келісімімен ала алады.

    Заңға сәйкес, несие тарихы кредиттік бюрода 5 жыл бойы сақталады. Агенттік мәліметінше, бұл мерзім несие алынған күннен емес, кредиттік бюро қарыз алушы туралы соңғы ақпаратты алған күннен бастап есептеледі.

    «Мысалы, егер сіз несиені толық өтеп, банк кредиттік бюроға оның толық өтелгені туралы ақпаратты берсе, несие тарихын сақтау мерзімі кредиттік бюро осы ақпаратты алған күннен бастап есептеледі», – делінген хабарламада.

    Егер әлі төленбеген несие немесе мерзімі өткен берешек болса, қаржы ұйымы төлемдер немесе қарыздар туралы жаңартылған деректерді жіберіп отырған кезеңде бес жылдық мерзім басталмайды. Осылайша, бұрынғы несиелер туралы мәліметтер: тұрақты түрде жасалған төлемдер де, төлеу мерзімінен кешіктірулер де соңғы ақпарат енгізілгеннен кейін бес жыл бойы несиелік есепте сақталады.

    Қарыз алушы өз несие тарихын жылына бір рет тегін тексере алады. Бір жыл ішінде екінші рет тексеру – ақылы. Агенттік мәліметінше, несие тарихы бойынша есепті мынадай тәсілдермен алуға болады:

    — «Бірінші кредиттік бюроның» сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы;
    — eGov.kz порталы арқылы;
    — ХҚКО, «Қазпошта» бөлімшелерінде және «Бірінші кредиттік бюро» кеңсесінде;
    — «Мемлекеттік кредиттік бюро» арқылы.

    Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар енді кейбір несиелерден 14 күннің ішінде айыппұлсыз бас тарта алатыны туралы жазған едік.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →