БАӘ-де қаза тапқан қыздардың ісіне қатысты дерек шықты
Фото: видеодан скрин
Біріккен Араб Әмірліктерінде қаза тапқан 20 және 22 жастағы қазақстандық апалы-сіңлінің денесі өткен демалыс күндері елге жеткізіліп, жерленді. Марқұмдардың әкесі Мейрам Боханов қыздарының нақты неден көз жұмғаны әлі анықталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
БАӘ полициясы Мейрам Боханов туыстық байланысты растау үшін ДНҚ сараптамасын тапсырғаннан кейін ғана марқұмдардың денесін отбасысына берген. Әкесінің айтуынша, ол қыздарының жүзін Қазақстанда жерлеу рәсімі өтетін күні алғаш рет көрген.
«Жүздерін мешітте ғана аштым. Інім екеуміз қарап, өз қыздарымыз екенін таныдық. Анасы оларды көрген жоқ. Қыздарын күлімдеп жүрген, бақытты қалпында есте сақтасын дедім», – дейді ол.
Апалы-сіңлілі қыздар былтырғы желтоқсанда жұмыс істеу мақсатында Шарджа қаласына барған. Олар сұлулық салонында еңбек етіп, жалдамалы пәтерде тұрған. Кейін бойжеткендердің денесі өздері тұрған пәтерден табылған.
Ресми құжаттарда қыздардың өлім себебі жүректің тоқтауы деп жазылған. Дегенмен отбасы олардың қандай жағдайда және нақты неден көз жұмғанын әлі білмейді.
Мейрам Боханов әлеуметтік желіде тараған түрлі нұсқа мен болжамға сенбеуге шақырды. Ол қайғылы жағдайдың шынайы себебі ресми сараптама қорытындысы шыққаннан кейін ғана анықталатынын айтты.
«Жүрегі тоқтаған дейді. Бірақ олардың нақты қалай көз жұмғанын білмейміз. Интернетте тарап жатқан ақпараттың бәрі – жалған. Оған сенбеңіздер. Сараптаманың ресми қорытындысы шыққанда ғана нақты айта аламыз», – деді Мейрам Боханов.
КТК телеарнасының хабарлауынша, аталған іс аясында бір күдікті ұсталған. Алайда оның жеке басы мен нақты қандай күдікке ілінгені жөнінде ресми мәлімет берілмеді.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Шарджа қаласында екі қазақстандық азаматтың қаза болғанын растаған. Қазіргі уақытта қыздардың денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылған-табылмағаны және олардың өліміне не себеп болғаны белгісіз күйінде қалып отыр. Тергеу жалғасуда.
