Абай облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты
Абай облысындағы Семей-Курчатов тасжолында болған жол апатынан төрт адам қаза тапты. Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сурет: kaz.nur.kz
Абай облысындағы Семей-Курчатов тасжолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі көліктің жүргізушісі мен жолаушылары қаза тапты. Сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Өңірлік полиция департаментінің Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, 26 тамызда шамамен сағат 15:30-да Семей-Курчатов тасжолының 35-шақырымында Chevrolet Nexia және Kia Rio көліктері соқтығысқан.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Chevrolet Nexia автокөлігінің жүргізушісі алдында келе жатқан «Газель» көлігін басып озу кезінде қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, сол жерде Kia Rio автокөлігімен соқтығысқан.
Соқтығысу салдарынан көлік құралдарының жүргізушілері мен жолаушылары алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты.
Жол-көлік оқиғасына қатысты көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
