Ақмола облысында ер адам көршісінің үйіне кіріп, ұйықтап жатқан қызды суретке түсірген
Ақмола облысында ер адам түнде көршісінің үйіне кіріп, ұйықтап жатқан қызды суретке түсірген. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Сурет: ernur.kz
Ақмола облысында түнгі уақытта ер адам көршісінің үйіне заңсыз кіріп, ұйықтап жатқан 20 жастағы қызды суретке түсірген. Бұл оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Атбасар аудандық полиция бөліміне ауыл тұрғыны әйел арызданған. Оның айтуынша, көршісі түнде үйіне кіріп, қызын ұйықтап жатқан кезде суретке түсіріп кеткен.
Тергеу барысында 37 жастағы ер адамның 20 жастағы көршісінің үйіне шынымен кіргені анықталды. Күдікті өз әрекетін бойжеткенмен сөйлескісі келгенімен түсіндірген.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын, күдіктінің әрекет ету себептері мен ниетін анықтап жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
