Оралда ECOBATYS республикалық семинары өтті
Оралда ECOBATYS республикалық семинары өтті: ерте жастан еңбек және экологиялық тәрбие, жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды.
Фото: акимат Западно-Казахстанской области
Орал қаласында балаларды ерте жастан еңбекке және экологиялық тәрбиеге баулуға арналған ECOBATYS республикалық семинары өтті. Қатысушылар заманауи педагогикалық тәсілдерді талқылап, практикалық тәжірибе алмасып, мектепке дейінгі білім беруде жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Іс-шараға балаларды ерте дамыту институтының өкілдері, білім беру саласының мамандары, әдіскерлер, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен педагогтері қатысты. Олар мектеп жасына дейінгі балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және еңбекке тәрбиелеу мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.
Семинар аясында инновациялық педагогикалық практикалар ұсынылып, педагогтердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беруді дамытудың заманауи тәсілдері мен оқу процесінде жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.
Іс-шара қорытындысы бойынша ең белсенді қатысушылар мен үздік практикаларды ұсынған педагогтер дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
