Қазақстанда теміржол машина жасау өндірісі 7 есе өсті
Қазақстанда теміржол машина жасау өндірісі 8 жылда 7 есе өсіп, 734 млрд теңгеге жетті. Жаңа зауыттар ашылып, отандық қамту үлесі артуда.
Сурет: egemen.kz
Ел экономикасының тұрақты дамуында көлік-логистикалық кешеннің, әсіресе теміржол машина жасау саласының алатын орны ерекше. Соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаты мен бәсекеге қабілеттілігі айтарлықтай артты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Қазіргі уақытта салада 60-тан астам қазақстандық кәсіпорын жұмыс істейді, олар 8,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірілетін өнімдегі отандық қамту үлесі 30%-дан 90%-ға дейін жетеді.
Локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондары, мойынтіректер, тұтас илемделген дөңгелектер, осьтер, арба бөлшектері мен тораптарын шығаратын ірі зауыттар Астана, Петропавл, Екібастұз, Степногор, Павлодар, Семей, Өскемен және Атырау қалаларында орналасқан. Индустрияландыру бағдарламасы аясында әлемдік алпауыт компаниялар – Wabtec Corporation, Alstom, Stadler секілді өндірушілер тартылды.
Соңғы 8 жылда теміржол секторындағы өнім өндірісі 7 еседен астамға артып, 104,5 млрд теңгеден 734 млрд теңгеге жетті. Атап айтқанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22,5%-ға өсіп, 734 млрд теңгені құрады. Бұл машина жасау саласының жалпы көлемінің 13%-ын құрайды. Өткен жылы отандық зауыттар 114 локомотив (45 электровоз және 69 тепловоз) және 3 068 вагон, оның ішінде жартылай вагондар, платформалар мен жолаушылар вагондарын шығарды.
Жоғары қарқын биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында да сақталды: өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға артып, 345 млрд теңгені құрады. Бұл динамика электровоздар өндірісінің 24%-ға, жолаушылар вагондарының 11%-ға, теміржол жолдарын жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге арналған көлік құралдарының 3,3 есеге, сондай-ақ локомотив бөлшектері мен қозғалысты басқаруға арналған механикалық жабдықтар өндірісінің 36%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді.
2026 жылға арналған жоспар бойынша өндірушілер 94 локомотив, 193 жолаушылар вагоны, 1 323 жартылай вагон және 2 377 платформа шығаруды көздеп отыр. Сонымен қатар, жылжымалы құрамның кейбір түрлері бойынша зауыттардың өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қолдау мен бизнестің белсенді қатысуының арқасында республикада жаңа заманауи зауыттар ашылып, қолданыстағы өндіріс орындары жаңғыртылуда. Мысалы, өткен жылы Астанада швейцариялық StadlerBussnang AG компаниясымен бірлесіп, жылына 100 жолаушылар вагонын шығаратын «ШтадлерҚазақстан» зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жайлы купелі, плацкартты, штабтық және техникалық вагондар өндіреді.
Атырау облысында «ТексолТранс» компаниясы жылына 6000 бірлік жүк вагонын шығаратын өндірісті іске қосты. Атырау вагон жасау зауыты өткен жылы 305 жартылай вагон шығарды. Сонымен қатар, «ТексолТранс» ЖШС Атырауда құю зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Жылына 60 мың тоннаға дейін құйма бөлшектер өндіретін бұл кәсіпорын 2027 жылы іске қосылып, шамамен 500 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл вагондарға арналған құрамдас бөлшектер өндірісін 90%-ға дейін локализациялауға мүмкіндік береді.
Семей машина жасау зауыты 2025 жылдан бастап жылына 600 бірлік жартылай вагон шығаратын өндірісті іске қосты. Екібастұзда Railways Systems KZ холдингінің теміржол кластері жұмыс істейді. Ол теміржол дөңгелектерін өндіретін «Проммашкомплект» ЖШС зауытымен бірге іске қосылды. Кластердің құрылуы логистиканы және өндірушілер арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландыруға, жоғары технологиялық өнім өндіруге жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, «Востокмашзавод» және «Format Mach Company» кәсіпорындары сапалы құйма өндірісін кеңейту үшін автоматты қалыптау желілерін енгізу бойынша инвестициялық жобаларды, ал «Railcast Systems» компаниясы соғу-бандаж кешенін құру жобасын жүзеге асыруда.
Осындай бастамалардың барлығы елішілік құндылықты арттырып, Қазақстанның жоғары технологиялық өнімдердің ірі экспорттаушысы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.
