Жезқазғанда әкімдіктің салғырттығынан тұрғындар өміріне қауіп төніп тұр
Фото: Видеодан скрин
Жезқазған қаласының Бейбітшілік даңғылындағы «Самади» супермаркетінің маңында жөндеу жұмыстары бірнеше жылға созылып, аяқсыз қалған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Жергілікті билік тарапынан бақылаудың жоқтығынан тұрғындар күнделікті жаяу жүретін жолынан айырылып, әбігерге түсуде. Құрылыс орнында шашылып жатқан қоқыстар мен шеті өткір темір қаңылтырлар өтіп жатқан халыққа, әсіресе балаларға тікелей қауіп төндіріп тұр.
Сонымен қатар, аталған даңғылдағы жолдың сұрықсыз күйі әкімдік пен мердігерлердің халық талабына немқұрайлы қарайтынын анық көрсетеді. Жергілікті тұрғындар созылып кеткен бұл жағдайға наразылық білдіріп, жауапты шенеуніктерден нақты әрекет талап етуде. Қала әкімдігі бұл мәселені қашан назарға алып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні әлі белгісіз.
