Рахат Сәрсеновтің ісі: неліктен сот жеңіл жаза тағайындады?
Рахат Сәрсеновтің 7 жылдық жазасы неліктен 6 айға қысқарды? Апелляциялық алқаның шешімі, дәлелдемелердің жеткіліксіздігі және рақымшылық туралы толық талдау.
Сурет: muztaumedia.kz
Жылқышы Рахат Сәрсеновке қатысты дау әлі де жалғасуда. Кейбір адамдар оны аяса, енді бірі ұрлық үшін алған жазасын әділ деп санайды. Жеті жылға сотталған Сәрсеновтың неліктен жеңіл жаза алғанын Qazaqtoday.info сайты анықтап көрді.
Әдетте, сот процесіне қатыспай, үкімді оқымай болжам жасау дұрыс емес. Заң саласын жазатын журналист Айнүр Сембаеваның пікірінше, бұл жағдайда кінә тергеушілерде.
— Бұл оқиға бойынша аудандық сот пен апелляциялық алқа шешімінің өзгеруіне кім кінәлі болса, ол – осы істі тергеген тергеуші мен айыптау актісін бекітіп, сотқа жіберген прокурор деп ойлаймын. Неге? Кәсіпкер, құзырлы орган, жылқышының әрекетін саралап көрейікші…
Біріншіден, кәсіпкердің жоғалған малын жылқышыдан өндіруге әрекет етуі заңды. Мал баққаны үшін ақы төледі ме, малының амандығын талап ету – оның құқығы. Мұнда айлықтың көлемі маңызды емес! Жылқышы берілетін айлықтың көлемімен келіскен екен, айлығын тұрақты алып отырған екен, ендеше малды бағуға, күтуге МІНДЕТТІ!, — деді ол.
Ал енді баққан малы ауырып өліп қалса, таудан, жардан құлап кетсе, төтенше жағдайда қырылып қалса әңгіме басқа. Ол үшін жылқышыны кінәлі деп сотқа беріп, табиғи апаттың шығынын малшыдан талап ету адамдыққа жат болар еді. Бұл оқиғада 40 бас малдың жоғалуын иесі жылқышыдан көріп отыр. Біреу емес, бесеу емес, ҚЫРЫҚ! Мұндай малыңыз жоғалса қай-қайсыңыз да қол қусырып отырмасыңыз хақ!
— Екіншіден, осы істі тергеген тергеуші де, тергеудің заңдылығын бекіткен прокурор да, істі қараған аудандық соттың судьясы да 40 жылқыны ұрлаған Рахат көке Сәрсенов екеніне сенген. Сот үкімінде дәйектелгендей, 2019 жылғы санақ актісімен Сәрсеновке 360 бас жылқы тапсырылған. Кейін жүргізілген санақ нәтижесінде 40 бас жылқының жетіспейтіні анықталған.
Бірінші сатыдағы сот осы мән-жайлар мен іс бойынша жиналған дәлелдемелерді негізге алып, азаматтың әрекетін аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену деп саралап, Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағымен 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен, — деді Айнұр Сембаева.
Сөз жоқ, ауыр жаза!
Ал енді апелляциялық алқа неге үкімді өзгерткен? Жәбірленушіге жаны ашығандықтан осындай әрекет жасамағаны анық қой. Анық! Оның үстіне аудандық сот 7 жылға жаза тағайындаған азаматты ақтап, бостандыққа шығару үшін мықты дәлел керек емес пе?!
— Сөйтсек… Апелляциялық алқа Сәрсеновті ешқандай да ақтамаған, әрі сот залынан дімкәс азаматқа жаны ашығандықтан, болмаса, алматылық мықты журналистер шулатып жатыр деген негізбен де босатпаған.
Тек іс апелляциялық тәртіппен қаралған кезде сот алқасы дәлелдемелерді қайта зерттеп, оларға қылмыстық-процестік заң талаптарына сәйкес жаңаша баға берген. Яғни, сот алқасында 40 жылқыны Сәрсеновтің жоғалтқаны, ұрлағаны дәлелін таппаған. Тек бір куәгер ғана сот отырысында сотталған адамнан бір жылқыны 500 мың теңгеге сатып алып, ақшаны қолма-қол бергенін көрсеткен. Куәгер жылқыны сатып алған, бірақ ақша жылқы иесінің қалтасына емес, жылқышы атамыздың қалтасына түскен. Куәгер солай дейді. Ал әр куәгер сотта тек шындықты, шындықтан басқа ештеңені айтпауға АНТ беретінін білесіздер.
Содан келіп апелляциядағы үш судья ақылдасып, бір жылқыны жымқыру фактісі дәлелденді, ал қалған 39 жылқыны жымқыру фактісі дәлелденбеді деген тұжырымға тоқтаған. Осы уәжға орай қазылар сотталған адамның әрекеті алғашқыдағыдай Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағымен емес, осы кодекстің 189-бабы 1-бөлігіне сай саралануы керек деген тоқтамға келген, -деді журналист.
Сәйкесінше Сәрсеновке алғашқы 7 жылдық жазаның орнына 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Яғни, жылқышы ата ақталды деген сөз бекер, жалған!
Қайта әбүйір болып бұл кісі жаңа Конституцияның шапағатын көріп отыр. Осы Конституцияға орай қабылданған «Рақымшылық туралы» заңына орай Сәрсеновтің жазасы 3 айға дейін қысқартылып, қамауда болған уақыты заңда белгіленген тәртіппен жаза мерзіміне есептелген. Сөйтіп тағайындалған жаза өтелген деп танылып, атамыз сот залынан босатылған.
Сонымен қатар жәбірленушінің пайдасына өндірілген алғашқы 30 млн теңге материалдық залал шегеріліп, 600 мың теңгеге дейін төмендетілгенін де айта кетуіміз керек.
— Жарайды, өмір бойы малдың соңында жүрген азаматтың бостандыққа шыққаны жақсы. Бек қуаныштымыз! Оған көмек қолын созып, қаржысы мен малын атап жатқан жандарға да Алланың нұры жаусын! Тек мұндай көңілге селкеу салатын жағдайлар орын алмас үшін тергеу мықты болуы керек. Кез келген сотталушының кінәсі куәгерлер сөзімен, бейнежазба, деректермен шегеленуі тиіс. Ал бұл істе «өкінішке орай…». Меніңше, осы шулы істен кейін Ақтөбенің Полиция департаменті де бір әу деп, анықтау, тергеуде кеткен қателіктің себеп-салдарын түсіндіруге міндетті, -деді ол.
