Бүгінде елімізде 719 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың қатарында еңбекке қабілетті азаматтар, зейнеткерлер және 18 жасқа дейінгі балалар бар. Мемлекет олардың өмір сүру сапасын арттыруға, қоғам өміріне толыққанды араласуына және әлеуметтік қолжетімділікті қамтамасыз етуге басымдық беріп келеді.
Қолдау шаралары бірнеше бағытты қамтиды. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындалып, техникалық оңалту құралдары, протездік-ортопедиялық бұйымдар, арбалар, есту және көру қабілетіне арналған арнайы құрылғылар, сондай-ақ санаторийлік емдеу қызметтері ұсынылады. Қажет болған жағдайда жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметін пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған.
Соңғы жылдары цифрлық технологиялар әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы азаматтар оңалту құралдарын, қызмет көрсетушілерді және қажетті әлеуметтік қызметтерді өз бетінше таңдай алады. Бұл жүйе қызмет сапасын жақсартып, жеке оңалту бағдарламаларының орындалу деңгейін едәуір көтерді.
Сонымен қатар, мүгедектік тобын белгілеу рәсімі де жеңілдетілді. Қазіргі таңда медициналық-әлеуметтік сараптаманың сырттай форматы енгізілген. Енді азаматтар барлық құжаттарын емханалар арқылы рәсімдеп, сараптамаға жеке қатыспай-ақ қорытынды ала алады. Бұл әсіресе қозғалысы шектеулі адамдар үшін үлкен жеңілдік болды.
Мемлекет ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Қалаларда кедергісіз орта қалыптастыру, қоғамдық ғимараттар мен көлікті бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге жаңа оңалту орталықтары салынып, шағын форматтағы әлеуметтік қызмет көрсету үйлері ашылуда. Мұндай тәсіл азаматтардың өз отбасынан алыстамай, тұрғылықты жерінде қажетті көмек алуына мүмкіндік береді.
Инклюзивті білім беру мен жұмыспен қамту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Балалардың жалпы білім беру ұйымдарында қатарластарымен бірге білім алуына жағдай жасалып, еңбекке қабілетті азаматтарды кәсіби даярлау және жұмысқа орналастыру бағдарламалары іске асырылып келеді. Бұл олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және экономикалық тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Мамандардың пікірінше, әлеуметтік қолдау тек материалдық көмекпен шектелмеуі тиіс. Ең маңыздысы – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өмір сүруіне, білім алып, еңбек етіп, қоғамдық өмірге еркін араласуына мүмкіндік жасау. Сондықтан Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жетілдіріліп, инклюзивті қоғам қалыптастыруға басымдық берілуде.
Фото: daysoftheyear.com
