АХҚО-да ICM Group Ltd холдингтік компаниясы тіркелді
Астана халықаралық қаржы орталығында ICM Group Ltd холдингтік компаниясы тіркелді. Құрылтайшы Мұхтар Манкеев – Қарашығанақ кен орны операторы KPO бас директорының орынбасары.
Сурет: kz.kursiv.media
Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) ICM Group Ltd атты жаңа компания тіркелді. Оның құрылтайшысы – Қарашығанақ кен орнының операторы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (KPO) бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев. Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
АХҚО тізіліміне сәйкес, ICM Group Ltd холдингтік компания ретінде құрылған (Activities of holding companies). Оның жарғылық капиталы 100 млн теңгені құрайды және әрқайсысының номиналды құны 1 теңге болатын 100 млн жай акцияға бөлінген.
Adata мәліметінше, компания негізін қалаушы Мұхтар Манкеев 2023 жылдың сәуірінен бастап KPO консорциумының бас директорының орынбасары қызметін атқарады. Оған дейін ол Энергетика министрлігінің Мұнай және газ ақпараттық-аналитикалық орталығын басқарған, «Самұрық-Қазына» АҚ-да корпоративтік басқару және әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директор болып жұмыс істеген.

2019-2021 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, одан бұрын Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, әр жылдары Манкеев әртүрлі компанияларда басшылық лауазымдарды иеленген.
«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (KPO) Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнын игеруде – бұл әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Компания итальяндық Eni мен британдық Shell (әрқайсысы 29,25%), американдық Chevron (18%), ресейлік «Лукойл» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) бірлескен кәсіпорны болып табылады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша кен орнында 136,45 млн баррель мұнай эквиваленті өндірілді. 1997 жылы өнімді бөлу туралы келісімге қол қойылғаннан бері акционерлер жобаға шамамен 34,4 млрд доллар инвестициялады.
Бұған дейін АХҚО-да компанияны Ұлттық банк басшысының аттасы тіркеген.
