Банктер мен микроқаржы ұйымдары 2025 жылы 73,8 млрд теңге қарызды есептен шығарды
2025 жылы банктер мен микроқаржы ұйымдары қазақстандықтардың 73,8 млрд теңге қарызын есептен шығарып, 740,4 млрд теңгені қайта құрылымдады. 142,5 мың адам қарыздан толық құтылды.
Сурет: kz.kursiv.media
2025 жылы банктер мен микроқаржы ұйымдары қазақстандықтардың 73,8 млрд теңге көлеміндегі қарызын толық немесе ішінара есептен шығарды. Тағы 740,4 млрд теңге проблемалық несие қайта құрылымдалды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) мәліметінше, өткен жылы банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыздарды реттеу бойынша барлығы 814,3 млрд теңге көлеміндегі міндеттемелерді реттеді. Оның ішінде 142,5 мыңнан астам әлеуметтік осал азаматтың қарызы толығымен есептен шығарылды – олардың міндеттемелері кешірілді.
ҚНРДА проблемалық тұтынушылық несиелерді коллекторлық агенттіктерге беруге мораторий енгізілгеннен кейін, қарыздары коллекторларда тұрған қарыз алушылар саны 61% — 877 мыңнан 341 мың адамға дейін азайғанын атап өтті.

Реттеушінің дерегінше, қазір проблемалық қарыздармен негізгі жұмысты тікелей банктер мен микроқаржы ұйымдары жүргізуде. Олар 2027 жылдың 1 мамырына дейін заңнамада көзделген реттеу тетіктерін, оның ішінде қайта құрылымдау, төлем кестесін өзгерту, мерзім ұзарту, қарыз жүктемесін азайту, ал негіз болған жағдайда қарызды ішінара немесе толық есептен шығаруды өз бетінше қолдануға міндетті.
Сонымен қатар коллекторлық агенттіктердің рөлі де өзгерді. Бұрын олардың қызметі негізінен қарыздарды өндіріп алуға бағытталса, енді олар қарыз алушылардың өтініштерін қарауға, қайта құрылымдау нұсқаларын ұсынуға, мерзім ұзартуға, өтеу кестелерін өзгертуге, айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығаруға, ал жекелеген жағдайларда қарызды толық немесе ішінара кешіруге міндетті.
ҚНРДА бұл өзгерістер қарыз алушылардың төлем қабілетін қалпына келтіруге және олардың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған проблемалық қарыздарды реттеу жүйесін реформалаудың бөлігі екенін атап өтті.
Бұған дейін ҚНРДА қазақстандықтарға бірлескен қарыз алушының несие бойынша негізгі қарыз алушымен бірдей жауапкершілікте болатынын ескерткен. Егер қарыз алушы төлемді тоқтатса, банк бірлескен қарыз алушыдан қарызды өтеуді талап ете алады.
