Аргентинаның ӘЧ финалындағы жеңілісі: Мессидің сөзі қастандық теориясын тудырды
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты финалында Аргентинаның Испаниядан жеңілуінен кейін Мессидің сөзі мен Скалонидің тұспалдары желіде қастандық теорияларын тудырды.
Сурет: liter.kz
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалында Аргентина құрамасы Испаниядан 1:0 есебімен жеңіліп, желіде түрлі қастандық теориялары тарап жатыр. Лионель Мессидің ойын алдындағы ерекше сөзі жанкүйерлер арасында өсек-аяң туғызды. Бұл туралы Euronews-ке сілтеме жасап, Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ойынға шығар алдында киім ауыстыратын бөлмеде түсірілген бейнежазбада Аргентина капитаны Лионель Месси командаластарына сабырлы болуға шақырып: «Сабыр етіңдер, жігіттер. Тек ойын туралы ойлайық. Барлығын ұмытайық. Барлығын ұмытып, футболға назар аударайық», — дейді. Дәл осы «барлығын ұмытайық» деген тіркес пен киім ауыстыратын бөлмедегі ерекше шиеленіскен ахуал жанкүйерлердің талқысына арқау болды. Көптеген пайдаланушылар ойыншылардың бүкіл турнирдегіден әлдеқайда күйзелісті көрінгенін айтты.
Финалдан кейін бас бапкер Лионель Скалони ойын алдында белгілі бір оқиғалар болғанын айтып, бірақ «турнирге құрметпен» егжей-тегжейін ашпайтынын жеткізді. Бұл интернетте матчтың жалған болуы мүмкіндігі туралы расталмаған мәлімдемелердің таралуына алып келді.
Аргентиналық журналист Эдуардо Фейнман финалға дейін Аргентина футбол қауымдастығының президенті Клаудио «Чики» Тапияны ФБР қызметкерлерінің ұстауы мүмкін деген қауесеттер тарағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл команданың эмоционалдық жағдайына әсер етіп, Мессидің «барлығын ұмыту» керектігі туралы сөзін түсіндіруі мүмкін. Алайда Аргентина футбол қауымдастығы, Месси және команда өкілдері бұл ақпаратты растаған жоқ.
Аргентина капитанының ойын алдындағы сөзінің нақты мәні әлі ресми түсіндірілген жоқ. Бейнежазба әлеуметтік желілерде талқыланып жатыр. Еске салайық, ӘЧ финалында Испания құрамасы Аргентинаны қосымша уақытта Ферран Торрес соққан голмен 1:0 жеңді. Матчтан кейін Месси жеңіліс ол үшін «төзгісіз ауырсыну» екенін мойындап, жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтып, қарсыласын жеңісімен құттықтады.
