Жұлдызды аспан астындағы жауһарлар мен тарихи сахна сиқыры: Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Қазақстанда тұңғыш рет «Опера түні» атты ерекше екі күндік жоба ұсынады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры өзінің 92-театр маусымының жабылуы қарсаңында Алматы тұрғындары мен қонақтарына ауқымды тосынсый дайындады. Театр тарихында тұңғыш рет қалыптасқан формат шеңберінен шығып, көрермендерге екі күндік бірегей «Опера түні» жобасын тарту етеді.
Бірегей екі кештің бағдарламасы
25 маусым, сағат 20:00 — Ашық аспан астындағы ауқымды Open Air концерті. Бұл кеште театр алдындағы тарихи алаң алып сахнаға айналады. Жұлдызды аспан астында, симфониялық оркестрдің, жетекші солистер мен хордың сүйемелдеуімен ауқымды музыкалық панорама өрбиді. Көрермендер назарына Карл Орфтың монументалды «О, Фортуна» туындысы мен Чайковскийдің «Пиковая дама» операсындағы драмалық ариялардан бастап, Россинидің Фигаро каватинасы мен Масканьидің «Сельская честь» операсындағы застольная әніне дейінгі бай репертуар ұсынылады. Бағдарламада ұлттық өнеріміздің маржандары — «Біржан мен Сара» операсындағы айтыс сахнасы мен Абайдың жүрекжарды «Айттым сәлем, Қаламқас» әні орын алады. Кештің түйіні ретінде концертке қатысушылардың барлығы бірге орындайтын, жүректерді біріктіретін «Гүл Алматым» әні шырқалады.
26 маусым, сағат 21:00 және 22:00 — Театрдың тарихи орталығындағы музыкалық кеш (ARTE галереясы). Екінші кеш қонақтарға өнер әлеміне бұдан да тереңірек әрі нәзік бойлауға мүмкіндік береді. Театр өзінің есігін айқара ашып, сәулет өнерінің інжу-маржаны әрі Алматының мәдени өмірінің жүрегі болып табылатын аңызға айналған тарихи ғимаратқа шақырады. Түннің басты оқиғасы —ARTE галереясындағы ауқымды музыкалық бағдарлама болмақ. Бұл кеште артистер бай вокалдық бағдарлама ұсынады. Түнгі театрдың камерлік әрі эксклюзивті атмосферасында әлемдік және ұлттық классиканың жауһарлары мүлдем жаңаша үнмен қалықтап, әрбір тыңдарман үшін ұмытылмас әсер сыйлайды.
«Опера түні» — бұл театрдың ұлылығы мен эстетикасын ерекше түнгі форматта сезінудің, опера труппасының жоғары шеберлігінен ләззат алудың және тарихи оқиғаның бір бөлшегіне айналудың бірегей мүмкіндігі.
