Фото: видеодан скрин
Қазақстаннан шыққан шахматтан тұңғыш әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Президентке үндеу жасады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info порталы.
Ол Спорттық маңсабындағы қиындықтарын ашық айтты.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! @tokayev_online
Мен — халықаралық шахмат гроссмейстері Бибісара Асаубаева. Қазіргі таңда әйел шахматшылар арасындағы әлемдік рейтингте бесінші орындамын. Бүкіл әлемді артта қалдырдым, алдымда тек Қытай спортшылары ғана тұр.
Сізге мемлекет басшысы ретінде көмек сұрап жүгінуге мәжбүрмін.
Бүгін әлемдегі ең мықты турнирлердің бірі — Norway Chess аяқталды. Мен жарыс аяқталуына бір тур қалғанда-ақ чемпион атандым.
Осы маңызды турнирге дайындық жиындары өзімнің жүлде ақшам мен ата-анамның қаражаты есебінен өтті. Турнирдегі секундандар мен аналитиктердің еңбекақысы әлі күнге дейін төленген жоқ.
Өзіңіздің сөзіңізбен айтқанда, мен еліміздің алтын қорына жатамын. Медальдарым орасан еңбекпен, денсаулықпен және төзіммен келеді. Барлық қиындықтарға қарамастан, мен спортшы ретінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздің абыройын асқақтатып келемін.
Алайда жылдан-жылға Спорт министрлігімен жұмыс істеу қиындай түсуде. @turizm_sport_ministrligi
Шахматтан әлем чемпионатын жеңгені үшін Спорт министрлігі тағайындайтын сыйақы небәрі 2 000 долларды құрайды. Ал Олимпиада жүлдегерлеріне 250 000 доллар беріледі.
Қазақстанда менен басқа әйелдер мен ерлер арасында әлем чемпионы жоқ!
2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалімнен кейін Спорт министрлігі желісі арқылы 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып келдім. Кейін министрдің нұсқауымен өтінімді қайта тапсырдық. Спорт вице-министрі Жараспаев WhatsApp желісінде «Sport Qory» қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде менің өтінімімді мақұлдағанын ресми түрде жазды. Алайда біраз уақыттан соң қор басшысы Е. Ауғанбаев ешқандай себеп түсіндірместен бас тартты.
Сіздің атыңыздан шыққан 2025 жылғы 30 желтоқсандағы Жарлықпен маған II дәрежелі «Барыс» ордені берілді. Спорт министрлігінің шақыруымен марапатты алу үшін Астанаға үш рет ұшып келдім. Бірақ әр жолы министрліктің бастамасымен сапар кейінге шегерілді.
Бүгінге дейін орденді алған жоқпын.
Біз сәуір және мамыр айларында Eotinish платформасы арқылы Сіздің атыңызға үш хат жолдадық, алайда әлі күнге дейін жауап жоқ. Сонымен қатар министрге WhatsApp арқылы қайта жібердік. Жауап орнына — үнсіздік.
Алда маңызды жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және үлкен еңбек күтіп тұр…
Осындай жағдайда не істеуім керек, Құрметті Президент мырза?», — деп жазды ол.
Желі қолданушылары шахматшыға қолдау білдіріп, мәселенің тезірек шешілуін тіледі.
