Фото: www.tiktok.com/@yedilovva1 парақшасынан скриншот
Ақтөбе қаласының тұрғыны, 19 жастағы Әсел Еділова есімді бойжеткен қазақстандықтарға үндеу жасап, осыдан он жыл бұрын көз жұмған анасының өліміне қатысты істі қайта қарауды сұрады. Сонымен қатар ол осы уақытқа дейін көрмеген әкесін табуға көмектесуді өтінді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Әселдің айтуынша, анасы Айнұр Еділова 2016 жылдың 26-нан 27 мамырға қараған түні құрбысымен бірге Елек өзенінің жағасында болған. Кейін оның суға батып кеткені туралы хабар тараған.
«Өлім жазатайым оқиға ретінде тіркелді. Ешкімді айыптамаймын. Бірақ анам жақсы жүзетін. Оның үстіне сол түні қасында болған құрбысын кейін көрмедік. Ол садақаға да келмеді. Сондықтан бұл істі қайта қарап, жан-жақты тексерсе екен деймін, – деген бойжеткен.
Әселдің сөзінше, анасы Айнұр Еділова 1990 жылы дүниеге келген. 2005-2006 жылдары Қобда ауданының Әлия ауылында тұрған. Кейін Ақтөбе қаласына қоныс аударған.
Бойжеткеннің ашық үндеу жасауына түрткі болған тағы бір адам – әкесі. Оның айтуынша, әкесі туралы нақты мәлімет жоқ. Тек есімі Ерлан немесе Ержан болуы мүмкін екенін біледі. Сондай-ақ оның Қобда ауданының Әлия ауылынан шыққанын және шамамен 1988-1990 жылдары туғанын ғана естіген.
«Әкеңді неге іздеп жүрсің? Ол сені іздеген жоқ қой» деген адамдарға айтарым: әкемнің құшағына батып, бала болу үшін емес, әкемнің кім екенін, тегімді білгім келгеннен ғана іздеп жатырмын», – дейді Әсел Еділова.
Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі видеодан кейін көп адам хабарласа бастаған. Олардың арасында әкесін тануы мүмкін екенін айтқан ауылдастар да бар. Өзі бала кезінен нағашы әпкесінің тәрбиесінде өскен. Кейін «Аяла» балалар үйінде тұрған. Ал 2024 жылдан бері колледж жатақханасында тұрады.
Қазір ол құқық қорғау органдарына жүгінуге асықпайтынын айтады. Алдымен анасын танитын адамдарды тауып, қосымша мәлімет жинамақ.
Әсел Еділова анасының таныстарын, әкесі туралы қандай да бір дерек білетін жандарды іздеп жатқанын айтып, қазақстандықтардан ақпарат таратуға көмектесуді сұрады.
