Ақтөбелік өнерпаздар Андрей Малаховтың бағдарламасында өнер көрсетті

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеден шыққан әншілер Кукабай мен Сағдат Ресейдің танымал тележүргізушісі Андрей Малаховтың студиясында қонақ болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

Өнер иелері Ресейдің «Россия-1» телеарнасындағы «Песни от всей души» бағдарламасына қатысып, көрермендер алдында өнер көрсетті.

Әлеуметтік желіде тараған видеода қос өнерпаздың бағдарлама төрінде отырғаны көрінеді. Сондай-ақ түсірілім барысында олар әйгілі «Руки Вверх!» тобының әндерін орындап, топтың солисімен бірге би билеген сәттері жарияланған.

Кукабай мен Сағдат соңғы уақытта әлеуметтік желілерде кеңінен танылып, қазақ және орыс тілдеріндегі әндері арқылы тыңдарман ықыласына бөленіп жүр. Олардың Ресейдегі танымал музыкалық жобаға шақырылуы қазақстандық өнерпаздардың шетелдік аудитория арасында да қызығушылық тудырып отырғанын көрсетеді.

Айта кетейік, Андрей Малахов жүргізетін «Песни от всей души» бағдарламасында әртүрлі елдер мен өңірлерден келген өнерпаздар өнер көрсетеді. Бағдарлама Ресейдегі ең танымал музыкалық тележобалардың бірі саналады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика