Сұлулықтың құрбаны: танымал қазақ блогері пластикалық ота кезінде көз жұмды

Фото: instagram.com/saule_bazarkhan

Қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында көз жұмды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.

Қаралы хабарды әлеуметтік желіде продюсер, әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова бөлісті.

Ол Instagram парақшасында Саулені өзіне туған сіңлісіндей көргенін жазған. Алайда өлімнің нақты себебі мен оқиғаның жай-жапсарын ашып айтпады.

HALYQSTAN Telegram-арнасының мәліметінше, редакцияға блогердің пластикалық хирургия клиникаларының бірінде қайтыс болғаны туралы хабарлама түскен. Онда әйелдің ота басталмай тұрып көз жұмғаны, ал оқиғадан кейін клиниканың уақытша жабылғаны айтылған.

Кейін журналистер 2GIS сервисіндегі пікірлерді байқап, онда кейбір қолданушылар әйелдің абдоминопластика кезінде қайтыс болғанын жазғанын анықтаған.

Әзірге өлімнің ресми себебі жарияланған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғап, клиника қызметін уақытша тоқтатқан.

Сонымен қатар HALYQSTAN журналистері медициналық орталықпен WhatsApp арқылы клиент ретінде хабарласқан. Дәрігердің ассистенті клиника қызметтерін ұсынуды жалғастырған. Ал Сәуле Базарханның өліміне қатысты сұраққа клиника өкілі әзірге ресми пікір берілмейтінін айтқан.

Қаралы хабар тарағаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Сәуле Базарханның Instagram-парақшасындағы жазбалардың астына пікір қалдыра бастаған. Пікір жазғандардың бірі блогердің жеке клиникаға барып, наркоздан кейін есін жимай қалғанын айтқан.

 

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика