Экологиялық апат: Алматыдағы автопарктердің бірінен катализаторсыз автобустар анықталды

Алматыда автокөлік шығарындыларына жүргізілген мониторинг аясында №3 коммуналдық автобус паркі тексерілді. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері айтты.

Кәсіпорын мамандарының мәліметінше, автопаркте 289 автобус тіркелген, оның 40-ы жөндеуде тұр. Тексеру барысында мамандар 249 көлікті тексерді.

Соның нәтижесінде 50 автобуста пайдаланылған газдарды тазартуға арналған негізгі құрылғы – катализатордың жоқ екені белгілі болды.

Мониторинг атмосфералық ауаны қорғау талаптарын жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отыр. Оның басты міндеті – қаладағы негізгі ластаушы көздердің бірі саналатын автокөлік шығарындыларын азайту.

Экологиялық талаптардың сақталуын бақылау тұрақты негізде жүргізілетінін атап өткен жөн. Мәселен, Экология департаменті бірқатар автокөлік кәсіпорнына қатысты жоспардан тыс тексеру өткізді. «NEO City TRANS» ЖШС мен «TALAP T» ЖШС автобус парктерінде жүргізілген өлшеу нәтижелері кейбір көліктерде зиянды шығарындылардың белгіленген нормадан асып кеткенін көрсетті.

Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 333 және 334-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, жалпы сомасы 13,3 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар кәсіпорындарға кемшіліктерді жою жөнінде тиісті нұсқамалар берілді.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Фото: Алматы әкімдігі

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика