«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-да «тоқтату жиналысы» (Safety Stand Down) циклі басталды – бұл жарақаттануды нөлдік деңгейге жеткізуге бағытталған басшылық пен персонал арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматы. Алғашқы ашық диалог үлгісіндегі кездесу Нұрқазған кенішінде, Балқаш мыс балқыту зауытында, «Балқаш Тау-Кен Өндірісі» кәсіпорындарында (қалдық үйіндісі және құрылыс-монтаждау басқармасы) және Қазақмыс Барлау бөлімшелерінде өтті. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
«Тоқтату жиналысының» мәні мен мақсаты – басшылықтың бастамасымен өндірістік үдерісте саналы түрде жасалатын қысқа үзіліс. Осындай кездесу барысында жұмыс уақытша тоқтатылып, қызметкер назарын өндірістік міндеттен бөлек, ең маңызды мақсат – өмір мен денсаулықты қорғауға аударады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ауыр жазатайым оқиғалардың басым бөлігі нұсқаулықтың болмауынан емес, асығыстықтан, қалыптасқан әдеттен және жұмысты тоқтату қажет болған сәтте үнсіз қалудан туындайды. Жұмыс уақытындағы қысқа, бірақ мәнді үзіліс «әрекетсіздік тізбегін» үзуге мүмкіндік береді: ұсақ қателік пен тәуекелге назар аудару ауыр салдарға әкелуі мүмкін жағдайдың алдын алады.
Сонымен қатар ол қызметкерлердің бір-бірін естуіне жағдай жасап, сапалы диалогқа негіз болады. Бұл өз кезегінде жазатайым оқиғалардың санын азайтып, басымдықты дұрыс қалыптастырады және ешбір өндірістік жоспар мен көрсеткіш адам өмірінен маңызды емес екенін еске салады. Жиналыс аясында жұмыскерлерге кез келген қауіпті жұмысты тоқтатуға олардың құқығы бар екені және бұл олардың міндеті екені жеткізіледі. Корпорация басшылығы ресми түрде растайды: жұмысты нақты негіздемесі бар жағдайға сәйкес тоқтатқан қызметкерге ешқандай жаза қолданылмайды; керісінше, мұндай әрекет кәсіби жауапкершіліктің көрінісі деп танылады.
«Өмір мен денсаулыққа қауіп төнген жағдайда жұмыс істеуге жол берілмейді. Өндірістік жоспар тек қауіпсіздік талабы қатаң сақталған кезде ғана жүзеге асырылуы тиіс», – деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.
«Тоқтату жиналысы» – «Қазақмыс» Тобының 2026-2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздікті трансформациялау стратегиясының бір бөлігі. 2026 жыл компанияда Қауіпсіздік жылы деп жарияланды, осы кезеңде басқару тәсілі оқиғаның салдарын жоюға емес, алдын алуға бағытталады. Алдағы уақытта «тоқтату жиналысы» «Қазақмыс» Тобының барлық өндірістік алаңдарына енгізіледі. Мұндай кездесу тұрақты түрде өткізіліп, тәуекелді басқару жүйесінің және әрбір қызметкер тек өз қауіпсіздігі үшін ғана емес, әріптесінің өмірі үшін де жеке жауапкершілік алатын мәдениет қалыптастырудың бір бөлігіне айналады.
