Фото: Видеодан алынған кадр
Белгілі саясаттанушы, саяси ағартушы Асхат Асылбеков жемқорлықты азайтудың тиімді жолын ұсынды. Оның сөзінше, қазір Президент халықтың көзін ашатын тың жобаларды қолға алып жатыр. Бірақ халық әлі толық оянған жоқ. Саналы ұлт, сапалы ел болу үшін білім қажет. Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында саясаткер жемқорлықты жоюдың тиімді жолдарын атады. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
«Қоғам жемқорлыққа бейімделді. Егер әділетті сот болып, жергілікті әкімдер дұрыс жұмыс істесе, жемқорлық азаяр еді. Халыққа ұнамаған әкімді қызметінен босату мүмкіндігі болса, бұл да жемқорлықты төмендетер еді. Тіпті идеалды жүйе болмаса да, жемқорлық азаяды. Мемлекет халыққа сенуі керек. Президентті халық сайлайды, референдумға дауыс береді. Ал әкімдер жоғарыдан тағайындалады. Неге? Соттарды да халық сайлауы тиіс. Кеңес кезінде халық соты болған. Әкімдер мен соттар сайланбайынша, жемқорлық жойылмайды», – деді саясаттанушы.
Сонымен қатар ол қазіргі Президенттің маңызды жобаларын атап өтті. Оның айтуынша, халықтың көзін ашуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Назарбаев халықтың санасын дамытуға емес, жеке мәселелерге көбірек көңіл бөлді. Дегенмен, “Болашақ” бағдарламасын іске қосты, оның пайдасы болды. Бірақ халықтың білімін арттыруға жеткілікті көңіл бөлінбеді. Ал Тоқаев кітап оқитын ұлт қалыптастыруға күш салып жатыр. Кітап оқитын ұлт – білімді әрі дамыған елге айналады», – деді ол.
Асхат Асылбеков қазіргі таңда елге төніп тұрған қауіптерге де тоқталды. Оның айтуынша, дін мәселесінде сақ болу қажет.
«Дін – жақсы, ислам діні – құнды. Бірақ оны қабылдағанда ұлттық құндылықтарды бірінші орынға қою керек. Өзге мәдениетті өзіңнен жоғары қою дұрыс емес. Өз болмысыңды ұмытпаған жөн. Діндегі кейбір үрдістер ұлттық мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан Қазақстан басқа елдердің теріс сценарийін қайталамауы керек», – деді ол
