Маңғыстауда емші сотталып кетті

Фото: Pixabay

Маңғыстау облысында халық емін жасау кезінде науқастың қайтыс болуына қатысты іс бойынша үкім қайта қаралды. Емді қалалық емхананың медбикесі жасаған. Апелляциялық алқа бұрын шығарылған үкімді тым қатаң деп тауып, оны бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

19 наурызда Мунайлы аудандық соты Мунайлы ауданының тұрғынын абайсызда адам өліміне әкеп соқтырғаны үшін (ҚР ҚК 104-бабының 1-бөлігі) кінәлі деп таныды. 49 жастағы әйел Ақтау қаласындағы № 1 қалалық емханада медбике болып жұмыс істейді және тиісті білімі мен лицензиясы болмағанына қарамастан, үйінде «халық емін» жасаған. Сот мәліметінше, 2025 жылғы 26 қарашада шамамен сағат 20:30–да ол өз үйінде науқасты «емдеу» барысында оның тамағын қолымен қысып, салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Сот оған 1 жыл 6 ай мерзімге ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда сотталған әйел кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырғандықтан, ҚР ҚК-нің 74-бабына сәйкес жазаны өтеу кейінге қалдырылған.
Бірақ қорғаушылар үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Олар сотталған әйелдің кінәсін толық мойындағанын және жәбірленуші тараптың оны кешіргенін атап өтіп, бас бостандығынан айыру жазасын жеңіл жазаға ауыстыруды сұраған.

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қарап, жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар толық ескерілмеген деген қорытындыға келді. Қылмыс жеңіл дәрежедегі санатқа жатады, ал бап санкциясында балама жаза түрлері қарастырылған.

Нәтижесінде апелляциялық сатыда әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Оған уәкілетті органдарға хабарламай тұрғылықты жерін және жұмыс орнын өзгертуге, ойын-сауық орындары мен алкоголь тұтынатын жерлерге баруға, сондай-ақ түнгі уақытта (22:00-ден 06:00–ге дейін) үйден шығуға тыйым салынды. Сонымен қатар, сот оған емшілікпен айналысуға тыйым салды.

 

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика