Бокстан бұрынғы әлем чемпионы, ресейлік Григорий Дрозд қазақстандық Геннадий Головкиннің шеберлігіне тәнті болып, оны «терминаторға» теңеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ресейлік боксшының айтуынша, ол Головкинмен Гамбургтегі Universum Box-Promotion клубында екі жыл бойы бірге жаттыққан және оның жұмыс істеу стилін өз көзімен көрген.
«Гена – нағыз терминатор. Біз Гамбургтегі Universum Box-Promotion клубында екі жыл бірге болдық, иық тіресе жаттықтық. Мен оның жұмысын өз көзіммен көрдім. Оның қимылы, иығы, ауқымды соққылары, жұдырығын қалай сермейтіні… Ол бәрін аударып тастайтын. Орта салмақтағы ең үздіктердің бірі екені – даусыз факт», – деді Дрозд.
Григорий Дрозд кәсіпқой рингте 2001-2015 жылдар аралығында өнер көрсеткен. Осы уақыт ішінде ол 40 жеңіске жетіп (оның 28-і нокаутпен), бір рет қана жеңілген. Соңғы жекпе-жегін 2015 жылы 22 мамырда өткізіп, Лукаш Яникті жеңіп, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сәтті қорғаған.
Фото: Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті
