Астанадағы орталық саябақта ішінде балалар болған аттракцион құлап кетті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл оқиға туралы алғаш рет қала тұрғыны әлеуметтік желіде хабарлады. 25 сәуір күні кешке болған жағдай кезінде оның екі баласы аттракционның ішінде отырған. Әйелдің айтуынша, әткеншек бірнеше рет айналғаннан кейін сынып, жерге құлаған.
Нұра аудандық полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Полицияның мәліметінше, аттракцион операторы кабинаның келушілермен бірге құлағаны туралы өзі хабарлаған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіп жатыр.
«Кабина аспалы конструкцияның бекітпесінен ажырап кеткен. Тексеріс қорытындысы бойынша материалдар аттракциондардың қауіпсіздігін тексеру және тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға жіберіледі», – делінген полиция хабарламасында.
Фото: Әлеуметтік желіден
