Қазақстандық боксшы Сағындық Тоғамбай Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ширек финалдық кездесуде отандасымыз қытайлық Сюэжэнь Ханмен жұдырықтасты. Үш раундқа созылған жекпе-жек қазақстандық спортшының айқын басымдығымен аяқталды. Төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Сағындыққа берді.
Айқастың шешуші соңғы раундында Тоғамбай қарсыласын нокдаунға жіберіп, өз басымдығын одан сайын нығайта түсті. Осылайша, Сағындықтың жеңісі Қазақстан құрамасына турнирдегі оныншы медальді кепілдендірді.
Бұған дейін Сабыржан Аққалықов пен Әйгерім Саттыбаева да жартылай финалға өткен болатын. Енді алғашқы жартылай финалдық кездесулер 6 сәуірде өтеді.
Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған
