Қазақстанда сиыр етін экспорттауға шектеу 2026 жылдың шілдесіне дейін ұзартылды

Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етін шетелге шығаруға қойылған квоталардың мерзімі ұзартылғанын хабарлады. Енді бұл шектеулер 2026 жылдың 30 маусымына дейін қолданыста болады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Министрлік бұл шешімді делдалдардың жолын кесіп, ішкі нарықты қорғаумен байланыстырды. Атап айтқанда, ет экспортында соңғы жылдары малды бордақылаусыз және өндірісті дамытуға ешбір инвестициясыз қайта сату деректері жиілеген.

Осындай әдіс сиыр етінің отандық бағасын шарықтатқан, сұраныс пен ұсыныс арақатынасын бұрмалап, мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отыр.

«Квота жүйесінің мақсаты — расымен де мал өсіріп, заманауи технологияға қаражат құйып, өңдеумен айналысатын шаруаларды қолдау. Сонымен қатар, бұл етті отандық тұтынушылар үшін қолжетімді етуге сеп болады», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Еске сала кетсек, шектеулер алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында енгізілген. Жалпы квота көлемі – 20 мың тонна. Бұл лимит Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де, үшінші мемлекеттерге экспортталатын етке де ортақ қолданылады. Квота мөлшері бордақылау алаңының қуатына байланысты белгіленеді.

Квоталарды үлестіруді орталық мемлекеттік органдар өз бақылауында ұстайды. Бұл нарықтағы жағдайға тез бейімделуге мүмкіндік береді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика