Қорғаныс вице-министрінің әйелі бір жылда 34 миллион теңге табыс тапқан

Фото: Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрлігінің вице-министрі Қаныш Абубакировтың жұбайы Майра Қожатай 2024 жылға арналған декларациясында 34 миллион теңге табыс көрсеткен. Кейбір деректерде оның айналым қаражатын толықтыру мақсатында несие рәсімдегені де көрсетіледі. Бұл жөнінде Qazaqtoday.info ақпарат порталы мәлімдеді.

Аталған мәліметтер мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің жалпыға бірдей декларациялау жүйесі аясында тапсырған құжаттарынан алынған.

Декларацияда: «Абубакиров Қаныш Асанханович – Қорғаныс министрлігінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі вице-министрі. Жұбайы – Қожатай Майра Үсенқызы. Есепті кезең – 2024 жыл» деп көрсетілген.

Ал вице-министрдің өз декларациясында кіріс туралы нақты мәлімет берілмеген. Құжатта тек ресми жалақысы болуы мүмкін екені ғана аңғарылады.

Ашық дереккөздерде осы есімге тіркелген «Қожатай» жеке кәсіпкерлігі бар екені айтылады. Компания шамамен 13 жыл бұрын тіркелген, негізгі қызмет бағыты – арнайы дүкендерде сағаттар мен зергерлік бұйымдарды бөлшек саудада сату. Сауда алаңы 2000 шаршы метрден аспайды.

Сонымен қатар Даму қоры бағдарламалары аясындағы 2022–2023 жылдарға арналған кепілдік жобаларында Майра Қожатайға қатысты деректер бар. Есептерге сәйкес, ол БанкЦентрКредит банкінен айналым қаражатын толықтыру үшін 33 ай мерзімге, жылдық 16 пайызбен 40 миллион теңге көлемінде несие алған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика