Фото: pexels.com
Тараз қаласында бес қабатты тұрғын үйдің шатыры мен бесінші қабатындағы балконнан өрт шықты. Бұл туралы оқиға орнына алғаш жеткен өрт сөндірушілер хабарлады.
Қауіпсіздік мақсатында үй тұрғындары шұғыл эвакуацияланды. Атап айтқанда, 100-ге жуық адам сыртқа шығарылып, олардың 30-ы — бала. Олар үшін жылыту пункті ретінде төтенше жағдайлар департаментінің вахталық көліктері әзірленді.
Бұл туралы Qazaqtoday ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өрт қалай сөндірілді және қазіргі жағдай қандай?
Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаменті бастығының басшылығымен жедел штаб құрылып, өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді. Алдын ала мәліметке сүйенсек, өрттің жалпы ауданы 900 шаршы метрді құрады.
Жалынды сөндіруге 62 өрт сөндіруші мен 22 арнайы техника жұмылдырылды. Суға арналған жеті түрлі құрылғы арқылы жалын бірнеше сағат ішінде толық сөндірілді.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ресми ақпарат жоқ. Тиісті қызметтер оқиғаның туындау себептерін анықтап жатыр.
