Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 29 қазан 2026 $ 456,6↑€ 507,8↑₽ 5,67↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Қай жаттығу қандай эмоцияға көмектеседі: маман кеңесі • Алматы облысында қойма өрті: құтқарушылар 5 газ баллонын алып шықты • «Қайрат» U19 УЕФА Жастар лигасында МТК-ны 3:1 есебімен жеңді • Ақмола облысында жол жұмысшыларын көлік қаққан: қаза тапқандар саны екіге жетті • Петропавлда футбол манежінің шатырынан құлаған 24 жастағы жұмысшы қаза тапты • Нилуфар Раимова әлем чемпионатында бесінші орынмен қанағаттанды • Қай жаттығу қандай эмоцияға көмектеседі: маман кеңесі • Алматы облысында қойма өрті: құтқарушылар 5 газ баллонын алып шықты • «Қайрат» U19 УЕФА Жастар лигасында МТК-ны 3:1 есебімен жеңді • Ақмола облысында жол жұмысшыларын көлік қаққан: қаза тапқандар саны екіге жетті • Петропавлда футбол манежінің шатырынан құлаған 24 жастағы жұмысшы қаза тапты • Нилуфар Раимова әлем чемпионатында бесінші орынмен қанағаттанды •

    Журналистер түрік тілін тегін үйренеді

    Алматыда Республика күні қарсаңында журналистерге арналған тегін түрік тілін оқытатын курс басталды.

    Жобаны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институты  ұйымдастырды. Түрік тілін үйрену сабақтарының салтанатты басталуы Қазақстан Республикасы күніне және Түркия республикасының 100 жылдығына орайластырылған.

    Іс-шараның ашылу салтанатына Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Эурен Мүдеррісоғлу, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор, доктор Мұхиттин Шімшек, «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы, Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Суат Бейлюр, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.Қ. Шілдебай, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.

    Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Эурен Мүдеррісоғлу қатысушыларды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтай келе:

    — Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет. Содан бері мемлекеттеріміздің бауырластық байланыстары нығайып келеді. Бүгін түбі бір туыс елдер арасында тағы бір маңызды қадам жасалды. Себебі, тіл – халықтарды жақындастырады, жақын танып, терең түсінуге жол ашады, — деді.

    Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бэйлүр түрік тілін Түркиядан Алматыға арнайы келген оқытушылар үйрететінін атап өтті. Оның сөзінше, курсты «Alatau Aqparat» медиахолдингінің 20 қызметкері, сондай-ақ  ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлері оқиды.

    Өз кезегінде «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы түрік тілін үйрену — 200 миллиондай халқы бар Түркі Әлемінің қақпасын ашуға жақсы мүмкіндік екенін айтты. Жоба нәтижесінде журналистер Түркия және түркітілдес елдердің жетекші БАҚ-тарында тағылымдамадан өтіп, аталған елдерде ары қарай білімдерін жетілдіре алады.

    Айта кетейік, мамыр айында «Alatau Aqparat» медиахолдингі мен Еуразиялық ғылыми-зерттеу институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

    Журналистердің тіл оқуы аталған әріптестік құжаты шеңберінде жүзеге асырылды. Түрік тілінің толық курсы 6 деңгейден тұрады. Бір деңгей 80 академиялық сағатқа есептелген. Курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті лингвистикалық орталығының арнайы сертификаттары беріледі.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →