23 млн теңгені букмекерлік кеңсеге аударған: Жамбылда төрт шенеунік жұмысынан қуылды
Фото: istockphoto.comжамбыл
Жамбыл облысы Жуалы ауданының прокуратурасы бірнеше мемлекеттік қызметшінің құмар ойындарға жүйелі түрде қатысқанын анықтады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info аудандық прокуратураға сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, лауазымды тұлғалар букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы бәс тіккен. Мәселен, жергілікті атқарушы органның бас мамандарының бірі ойын шотына 23 миллион теңгеден астам қаражат аударған.
«Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде тәртіптік комиссияның шешімімен төрт мемлекеттік қызметші теріс себептермен қызметінен босатылды», – деп жазылған хабарламада.
Прокуратура Қазақстанда 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар мен бәс тігуге заң жүзінде тыйым салынғанын атап өтті. Бұл шектеуді сақтамау мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болады.
Аталған шаралар ойынға тәуелділіктің алдын алуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталғаны айтылды.
