Павлодарда тұрмыстық зорлық-зомбылықты әзілге айналдырған шоумен 20 тәулікке қамалды
Павлодарда тұрмыстық зорлық-зомбылықты әзілге айналдырған шоумен 20 тәулікке қамалды. Сот оны кінәлі деп танып, әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Фото: istockphoto.com
Павлодарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдің оқиғасын күлкіге айналдырған шоумен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Павлодардағы мейрамханалардың бірінде өткен әзіл-сықақ кешінде 33 жастағы жүргізуші сахнада бағдарламаның басты кейіпкерінің бұрынғы жұбайының атынан жазылған хатты оқыған. Хатта павлодарлық әйелдің некеде болған кезінде күйеуінен көрген тұрмыстық зорлық-зомбылығы әзілге айналдырылған.
Әйел мұндай тақырыптағы қалжыңдарды орынсыз әрі қорлау деп санап, хат авторы мен бағдарламаны ұйымдастырушыларды жауапқа тартуды сұрап, полицияға жүгінген.

Павлодарда әкімшілік сот ойын-сауық кешінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдің басынан өткен жағдайды келемеждеген шоуменге қатысты істі қарады.
«Әріптесінің бұрынғы жұбайын көпшілік алдында келемеждеген шоуменге қатысты «Жала жабу» және «Ұсақ бұзақылық» баптары бойынша екі әкімшілік іс қозғалды. Екі істі де Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 23 қарашада қарады», – делінген ақпаратта.
Сот отырысында шоумен хаттың ойдан шығарылғанын айтып, өзінің мақсаты әйелді қорлау емес, бағдарламаның басты кейіпкерінің кемшіліктерін әзілге айналдыру болғанын мәлімдеді.
Сот отырысында көрсетілген әзіл-сықақ кешінің бейнежазбалары құқықбұзушылықтың мән-жайын растаған. Ал жәбірленуші әйел шоуменді қамауға алуды сұрады.

«Залда отырған жүз адамның бәрі әңгіме кім туралы екенін білді. Бірақ мен мұндай хат жаза алмас едім, өйткені онда менің жанымды қатты ауыртатын тұстар болды. Қазір үш жыл бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген кезімдегі сезімдерді қайта бастан өткеріп отырмын. Осы кештен кейін таныстарым хабарласып, онда не болғанын айтып, бейнежазбаларды жіберді. Мені қорлады, менің жан жарамды күлкіге айналдырды. Сол жерде отырып күліп отырған адамдар шындықты білсін деп, басымнан өткен жағдайды әлеуметтік желіде айтуға мәжбүр болдым», – деді әйел.
Сот шоуменді кінәлі деп танып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Судья Сауле Жұмадирова сот отырысында хаттағы бұрынғы әйелдің атынан айтылған мәліметтер шындыққа жанаспайтынын және жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретінін атап өтті.
«Сот отырысында хатта бұрынғы әйелдің атынан келтірілген мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні және азаматтың, бұл жағдайда жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретіні анықталды. Сіз бұл хатты тарату арқылы қасақана әрекет еттіңіз. Ақпараттың жалған екенін де, кім туралы айтылып жатқанын да білдіңіз», – деді ол сот шешімі жарияланғаннан кейін.
Сот әкімшілік қамау мерзіміне ер адамның 20 қараша сағат 16:30-дан 21 қараша сағат 08:00-ге дейін әкімшілік ұсталған уақытын да қосты.
Еске салсақ, бұған дейін «ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды» деп тойда тілек айтудың орнына, уағыз айтып кеткен ер адам көптің ашуына тигені хабарланған еді. Артынша Түркістан облысының полиция департаменті Жетісайдағы тойда қоғам наразылығын тудырған 66 жастағы ер адамға қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдағанын хабарлаған.
