Негізгі мазмұнға өту
Дүйсенбі, 23 қараша 2026 $ 456,0↑€ 500,2↑₽ 5,60↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Үш баласынан айырылған 51 жастағы әйел қайтадан ана атанды

    Үш баласынан айырылған 51 жастағы әйел қайтадан ана атанды

    Фото: Видеодан алынған кадр

    Маңғыстау облысында 51 жастағы әйел ЭКО бағдарламасы арқылы қыз баланы дүниеге әкелді. Күмісай Пәлекиева облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында босанды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы. 

    Медициналық мекеменің мәліметінше, нәресте 17 қарашада туған. Салмағы 3400 грамм, бойы 52 сантиметр. Босану кесарь тілігі арқылы өтті. Ота жасаған дәрігер – Жапырақ Епенова. Мамандардың айтуынша, жүктілік қалыпты өтіп, ешқандай асқыну болмаған. Қазіргі уақытта анасы мен сәбиінің жағдайы жақсы.

    Күмісай Пәлекиева жолдасымен бірге қайтадан ата-ана болуға қалай шешім қабылдағанын айтып берді. Оның сөзінше, осы жасында тағы бір сәби сүйемін деп ешқашан ойламаған.

    Әйел алғаш рет 1995 жылы ана атанып, кейін тағы екі баланы дүниеге әкелген. Алайда өткен жылы отбасында ауыр қайғылы жағдай болып, ерлі-зайыпты үш баласынан бірдей айырылған. Балаларынан көз жазып қалған соң, олардың шаңырағы бос қалған.

    Уақыт өте келе ерлі-зайыпты қайтадан ата-ана болуға бел буып, ЭКО бағдарламасына жүгінген.

    «Үйіміз қаңырап бос қалған соң, ең болмаса ЭКО арқылы бала көтеріп, дүниеге сәби әкелсем деп шештім. Қасымда сүйенішім, қамқорлығым болатын бір жан болса, соның қызығын көріп, сол үшін өмір сүріп, алға ұмтылар едім», – дейді Күмісай.

    Жақындарының қолдауы мен дәрігерлердің көмегінің арқасында емдеу бағдарламасы сәтті аяқталған. Алғашқы доплерографиялық ультрадыбыстық зерттеу кезінде-ақ ерлі-зайыпты қыз балалы болатынын білген. Нәрестеге Ария есімін әкесі таңдаған.

    Күмісай қызының алғаш жылаған дауысын естіген сәттегі сезімін ерекше тебіреніспен еске алады. Қазір ол бар уақытын сәбиінің күтіміне арнап, қиын кезеңде қолдау көрсеткен жақындары мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдіруде.

    Айта кетейік, отбасы ЭКО қызметін Ecomed клиникасының арнайы сертификаты арқылы тегін алған. Биыл клиника мұндай сертификатты 30 отбасына табыстаған.

    Сонымен қатар, ерлі-зайыптының отбасында тағы бір қуанышты жаңалық болған. Қыркүйек айында олар 13 жастағы ұл баланы асырап алған.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →