«Қайраттың» 14 футболшысы еңбек сіңірген спорт шебері атанды
«Қайрат» футбол клубының 14 ойыншысы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағын алды. Марапаттау рәсімі Тимур Сегізбаев атындағы академияда өтті.
Фото: әлеуметтік желіден
Алматылық «Қайрат» футбол клубының 14 ойыншысына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері құрметті атағы берілді. Марапатталғандардың қатарында жас шабуылшы Дастан Сәтпаев та бар.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Салтанатты рәсім Тимур Сегізбаев атындағы футбол академиясында өтті. Құрметті атақты футболшыларға «Қайрат» клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев, бас директоры Асқар Есімов және Қазақстан футболының ардагерлері Құралбек Ордабаев пен Ваит Талғаев табыстады.
Аталған атаққа ие болған футболшылар: Темірлан Анарбеков, Дамир Қасабұлат, Әділет Садыбеков, Еркін Тапалов, Александр Мрынский, Александр Широбоков, Лев Кургин, Олжас Байбек, Азамат Тұяқбаев, Шерхан Қалмұрза, Мансұр Бірқұрманов, Мұхамедәли Әбіш, Рамазан Бағдат және Дастан Сәтпаев.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев қазір Англияда жүргендіктен, марапаттау рәсіміне қатыса алмады.
Салтанатты шарадан кейін футболшылар академияның жас тәрбиеленушілерімен кездесіп, оларға ақыл-кеңестерін айтып, спортта биік жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.
«Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» – спорттағы ең жоғары құрметті атақтардың бірі. Ол спортта ерекше жетістікке жеткен, халықаралық деңгейде ел намысын қорғаған спортшыларға беріледі.
